ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жыл сайын ерекше ықыласпен қарсы аламыз. Елбасы биылғы Жолдауын әдеттегіден ертерек, қазан айының алғашқы күндері, дәлірек айтқанда, 5 қазан күні арнады. Бұдан біз елімізде қалыптасқан тұрақтылықты одан әрі тұғырлы ете отырып, жаңа міндеттерге, жаңа қадамдарға батыл қадам басатынымызды айқын сезінеміз. Өйткені, қашан да әр Жолдаудың міндет-мақсаты басқа, жауапкершілік жүгі жоғары.
Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау негізгі алты бағыттан тұрады. Халыққа жолданған осынау аса маңызды құжатта көрсетілген сол бағыттардың әрқайсысының орны бөлек. Тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмылып, орындауымыз керек.
Жалпы, Елбасының бұған дейінгі Жолдаулары еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді айқындауға бағытталса, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталған.
Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартатынын жеткізді. Бұл бағдарлама шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауда тиімді тетік ретінде өз жемісін беріп келеді. Біз Елбасы ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып облыста кәсіпкерлікті дамыта түсуіміз керек. Бұл тапсырма "Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы" үш жылға ұзартылған Сыр өңірін одан әрі дамытуға жол ашады.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына басты негіз болып табылады.
Расул Есенов,
облыстық мәслихат депутаты,
"Углесбыт" ЖШС директоры
облыстық мәслихат депутаты,
"Углесбыт" ЖШС директоры