Тегеурінді тергеуші
Біз білетін, яғни аудан жұртшылығына есімі жақсы таныс Әлібек Қасымханов – тергеу қызметінің нағыз майталманы. Бүгінде зейнеттегі полиция подполковнигі қаншама рет үздіктер қатарынан көрініп, өзі қалаған мамандықтың қыр-сырына әбден қаныққан. Осыдан 63 жыл бұрын мерекелік күнтізбеге енген «Тергеушілер күні» аясында саланың белді өкілі, Тереңөзектің ардақты азаматы Әлібек Қасымханұлы жайында қалам тербегенді жөн көрдік.Расында, «Тергеуші қандай болу керек?» деген заңды сауал туындайды. Кез келген істі жан-жақты талдап, ұсақ детальдарға дейін мән беріп, дәлел мен дәйекті сауатты пайдалана алғаны жөн. Мұндайда кейіпкеріміз әр істі қарастыруда «үш тағанды» қатар ұстайды. Яғни куәгер, күдікті, жәбірленушімен заң тілінде сауатты сөйлесіп, ортақ сенім орната біледі.
Еңбек жолын әскери борышын өтеп келгеннен кейін №126 орта мектепте мұғалім болып бастаған ол кейін өзінің өмірлік бағытын түбегейлі айқындайды. Биыл 73 жасқа келетін ардақты азамат саладағы ұтымды қызметі үшін Мәскеу қаласында өткен Ішкі істер министрлігінің бүкілодақтық жиналысында «Үздік тергеуші» атағына ие болған. Көптеген мерекелік медальдармен марапатталған тәжірибелі маман бір жылдары 120 қылмыстық істі айыптау қорытындысымен сотқа жолдап, 30 істі біріктіре отырып тергеу амалдарын жүргізген.
Айта кетейік, республикада алғаш рет екі мәрте «Үздік тергеуші» атағына қол жеткізген Әлібек Қасымханұлы өзінің біліктілігін әрбір қылмыстық істегі тәжірибесімен ұштастыра білді. Қызметтегі табандылығы мен ыждағаттылығының, білімінің арқасында бірнеше жыл бойы қаржылай сыйлықтардың иегері атанған. Өз кезегінде «Победа» алтын сағатын және сол кездегі валюта бағамымен 2209 рубль көлемінде сыйақы ұтып алғанын тәжірибелі маман мақтанышпен еске алады.
– Мен үшін тергеу саласы – жай ғана мамандық емес, бұл – өмірлік ұстаным, азаматтық борыш. Бірнеше жыл қатарынан үздік атануым – менің ғана емес, мен қызмет еткен ұжымдардың ортақ еңбегінің жемісі деп білемін. Еңбек жолым аудандық комсомол комитетінде басталды. Жастық жігермен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елмен етене жақын болудың, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білудің маңызын сол кезеңде терең түсіндім. Кейін аудандық комитетте қызмет атқарып, ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдадым. Бұл тәжірибелер мені тәртіп пен жауапкершілікке баулып, алдағы қызметіме берік негіз қалады. Тергеу саласына келу – менің саналы таңдауым болды. Алғаш тергеуші болып қызметке кіріскен күннен бастап әрбір істің артында адам тағдыры тұрғанын жан-тәніммен сезіндім. Тергеуші, кейін аға тергеуші ретінде қызмет атқара жүріп, сан түрлі күрделі істерді зерделеуге, шындықтың түбіне жетуге бар күш-жігерімді салдым. Әрбір ашылған қылмыс, әділ шешімін тапқан іс – мен үшін үлкен жауапкершіліктің нәтижесі.
Уақыт өте келе бөлімше бастығы қызметіне тағайындалдым. Бұл кезеңде тек өзімнің ғана емес, жас мамандардың да кәсіби қалыптасуына ықпал етуге тырыстым. Тергеу – тек заңды білу емес, ол – адамды түсіну, психологияны сезіну, әрбір дәлелді саралай білу. Осы қағидаларды әріптестеріме үнемі айтып, тәжірибеммен бөлісіп отырдым. Кейін аудандық полиция бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқару маған үлкен сенім жүктеді. Бұл қызметте тергеу жұмыстарының сапасын арттыру, заңдылықтың сақталуын қадағалау, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру басты назарымда болды. Әрбір іс бойынша әділдік салтанат құруы – менің басты ұстанымым болып қала берді. Қызмет жолында талай қиындықтар мен сынақтар кездесті. Дегенмен, адалдық пен әділдік жолынан айнымау – менің өмірлік қағидам. Тергеуші болу – тек құқық қорғау емес, ол – адам тағдырын таразыға салатын аса жауапты миссия. Бүгінгі күні өткен жолыма көз жүгірте отырып, бір ғана нәрсені нық айта аламын: әділдікке қызмет ету – ең биік мәртебе. Ал сол жолда аянбай еңбек ету – әрбір тергеушінің парызы, – дейді Әлібек Қасымханұлы.
Өз ісінің білгірімен әңгімелесу барысында оның тергеушілік тәжірибесінен бірнеше қылмыстық істің қалай ашылғанына көз жеткіздік. Солардың бірінде бұрын бірнеше рет сотталған аудан тұрғынының қылмысы әшкереленеді. Жақын досымен арадағы жанжал қызғаныштан туындап, ақыры қайғылы жағдайға ұласқан. Күдікті досының әйеліне қол сұғып, үстінен түскен сәтте балтамен соққы жасап, қылмысқа барады. Дене бөліктерін жасырып, дарияға тастағанымен, жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бір айдан кейін қылмысы ашылып, сот үкімі шыққан.
Тағы бір ауыр істе төрт күдікті ұсталып, жазаға тартылған. Бұл жолы төрт жігіттің зорлық-зомбылығына ұшыраған жас қыздың тағдыры сөз болады. Қылмыскерлер іздерін жасыруға тырысқанымен, тергеушінің кәсібилігінің арқасында олардың әрекеті толық әшкереленді.
Бүгінде Әлібек Қасымханұлы қорғаушы ретінде қызмет атқаруда. Соңғы екі жыл көлемінде Шымкент қалалық адвокаттар алқасының жеке адвокаты ретінде еңбек етіп келеді. Зайыбы Баян Сәрсеновамен бірге төрт перзент тәрбиелеп өсірген. Ұлдары Нұрболат пен Жанболат әке жолын қуып, заң саласын таңдаса, қызы Нұргүл – дәрігер, Нұрсәуле – мұғалім.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










