Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 24 газет

04 сәуір 2026 ж.

№23 газет

31 наурыз 2026 ж.

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Ел қорғаны – жастар: Сырдариядағы маңызды сапар

Ел қорғаны – жастар: Сырдариядағы маңызды сапар

Осы аптаның бейсенбісінде ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Сырдария ауданына арнайы іссапармен келді. Делегация құрамында тиісті министрліктің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков, әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, полковник Серік Қуатбаев, Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталық филиалы «Жауынгерлік даңқ» музейінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алуа Байқадамова, Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Ербол Өтелбаев бар.

Тереңөзек кенті мен Нағи Ілиясов ауылында болған құрметті меймандарды ау­дан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен ау­дандық қорғаныс бө­лімінің басшысы Алияр Шәменов қарсы алып, тағылымы мол бірнеше іс-шараға қатысты.

МАЙДАНГЕРДІҢ
АҚ БАТАСЫН АЛДЫ

«Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы шеңберінде Сырдария ауданында жү­зеге асқан іс-шараның негізгі мақсаты – айбынды әс­кер – халықтың сенімі мен тірегі екенін ұғындыра отырып, халықтың рухани қуатын, рухын көтеруге ба­ғытталған. Ең алдымен, министр­ліктің тәрбие және идеологиялық жұмыс де­партаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков, әскери білім және ғылым депар­таментінің өкілі, полковник Серік Қуатбаев бас­таған аудан қонақтары Ұлы Отан соғысының ар­дагері, 104 жас­тағы май­дангер-қарт Яхия Тасыровтың үйіне ар­найы ба­рып, жерлесімізге құрмет көрсетті.

– Сіз – ғасыр куәсі, тарих­тың тірі шежіресі ғана емес, Отан үшін от кеш­кен нағыз батырсыз. Сұ­рапыл соғыс жылдарында Сіз­дің буын ел мен жердің тағдыры сынға түскен сәт­те қаймықпай алға шы­ғып, жанқиярлықтың тең­дессіз үлгісін көрсетті. Қан майданда көрсеткен ер­лі­гіңіз, тыл­сым тағдыр сынақ­тарына төтеп берген қай­сарлығыңыз – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгі өнеге. Бүгінгі бейбіт өмір, тыныш аспан, тәуелсіз еліміздің баянды тіршілігі – ең алдымен өзіңіз сияқты қаһарман арда­­герлердің еңбегі мен ерлігінің нәтижесі. Сіздердің төккен қандарыңыз бен көз жастарыңыздың өтеуі – біздің бүгінгі еркіндігіміз. Сон­дықтан қазыналы қартқа құрмет – ешқашан азаймайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қасиетті парыз. Тек майдан даласында ғана емес, соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде де ел дам­уына өлшеусіз үлес қосқан тұлғасыз. Қандай қиындық болса да мойымай, өмірге деген құштарлығыңызбен, еңбек­қорлығыңызбен ке­йін­гі буынға үлгі болдыңыз. Бүгінде ғибратты ғұмы­рыңыз – тұтас бір дәуірдің айнасы. Қазақстан Респуб­ли­касының Қарулы Күш­тері үшін Сіздердің ерлік­теріңіз – мәңгілік рухани бағдар. Біз жас сарбаздарды тәрбиелеуде батыр­лық жолыңызды үлгі ете­міз. Әс­керіміздің айбыны мен қуаты – дәл осындай ерлік дәс­түрдің жалғасуында. Сіз­­дердің ама­наттарыңыз – елді, жерді қорғау, тәуел­­сіздікті көздің қара­шығындай сақтау – біз үшін қасиетті міндет, – деді полковник Дәулет Бейсеков.

Бұл ретте, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров құрметті мей­мандарға 1941 жылдың ая­ғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери ко­­мис­сариатының ша­­қы­р­­уымен әскерге алын­­ғанын айтты. Омбы қа­ласында алғашқы әскери да­йын­дықтан өтіп, 1942 жыл­дың қазан айында май­данға жіберілгенін, со­ғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқанын жеткізді. Данциг портында аяғынан ауыр жараланып, соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралғанын тілге тиек етті.

– Осы жылдың қаңтар айында қазыналы қарт, кеудесін оққа тосқан майдангеріміз 104 жасқа келді. Қашанда ерлігімен көзге түскен майдангерге айрықша құрмет көрсетіледі. Бейбіт өмір – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Сол бейбітшілікті сақтау үшін айбынды әскер тәулік бойы қызмет етеді. Сырдария ауданына келген Сіздерге шынайы алғысымызды айтамыз. Қазыналы қарттың ғұмыр жолын кеңінен насихаттауға барымызды саламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Майдангер қарттың құрметіне арнап ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ан­самблінің өнерпаздары жанды дауыс­та ән шырқады.

АЙБЫНДЫ ЖАС – ЕЛ ЕРТЕҢІ

Бұдан кейін аудан қонақтары Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейге барды. Мұнда аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен мектеп-лицей директоры Айнұр Әлиева меймандарды қарсы алды. Ең алдымен, олар алғашқы әскери және технологиялық дайындық барысын тамашалады. Аудан көлеміндегі әскери жетекшілерге жауапты маман Ерболат Садықов «Жас сарбаз», «Жас сақшы», «Жас құтқарушы» үйірмесінің жұмысына тоқталып, оқушылардың алғашқы әскери дайындығын баяндады. Әскери бағытта педагогикалық оқыту бағытында қолданылатын әдіс-тәсіл мен құрал-жабдықтың сапасы мен дайындығы таныстырылды. Айта кетейік, ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының мү­шелері Сырдария ауданының ал­ғашқы әскери дайындық бойынша жүргізіліп жатқан білім деңгейін жоғары бағалады.


Бұл ретте мектеп-лицей оқушы­ларының жетістіктері көрсетіліп, қолөнер шеберлерінің туындылары, робототехника бұйымдары көрсетілді.
Мектеп-лицейдің акт залында аудан оқушыларымен кездесу өткізілді. Жиын ҚР Мемлекеттік әнұранымен ашылды. «Айбын-2025» халық­аралық әскери жиынының өткізілу барысы көрсетіліп, осы жылғы аталған бағытта қолға алынған іс-шара легі таныстырылды. Жиында әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, полковник Серік Қуатбаев сөз сөйлеп, аталған салада білім алу тетігін жан-жақты түсіндірді.
– Бүгінгі оқушылар – ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру – біздің басты міндетіміздің бірі. Әскери білім және ғылым саласының өкілі ретінде біз білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, осындай тәрбиелік мәні жоғары кездесулерді жиі ұйымдастыруды көздейміз. Жастарға тек әскери қызметтің қыр-сырын түсіндіріп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, елжандылық қасиеттерді қалыптастыру – басты бағытымыздың бірі. Отанды сүю – құр сөз емес, ол нақты іспен, адал еңбекпен, жауапкершілікпен көрінетін қасиет екені айтылды. Әрбір жас өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін құрметтеп, оны дамытуға үлес қосуы тиіс. Себебі елдің болашағы – білімді, саналы, елжанды ұрпақтың қолында. Елін сүйген, жерін құрметтеген ұрпақ барда – мемлекеттің болашағы жарқын болатыны сөзсіз, – деді Серік Қуатбаев.


Негізінен, елімізде 9 әскери білім беретін оқу орны бар. Оның 8-інде 9 және 11 сынып оқушылары білім ала алады. Қазіргі уақытта әскери білім алуға талапты жастарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Толықтай материалдық базамен қамтамасыз ететін оқу орындары болашақ әскери маманды сапалы оқытуға тырысады.

РУХТЫ ӘНДЕР ЖҮРЕККЕ ЖЕТТІ

ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпа­раттық-түсіндіру тобының іс-сапары Нағи Ілиясов ауылында жал­ғасын тапты. Батыр атындағы ауылда құрметті қонақтар көрікті жерлерді аралап, елді мекеннің дамуына жоғары баға берді. Түймебай Айтбаев атындағы №132 орта мектептің директоры Жанболат Назаров көпшілікке мектеп ұстаздары мен оқушылардың жетістігін саралап айтып берді. Бұдан бөлек, қолөнер шеберлерінің туындыларының жасалу жолдары кеңінен насихатталды. Білім ошағында меймандардың қатысуымен кездесу жүзеге асып, «Біртұтас ел – біртұтас жер» акция­сының маңыздылығы айқын­далды.

– Қазақ халқы үшін ерлік – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті ұғым. Ел басына күн туған шақта найза ұстап, жерін қорғаған батырлардың жолы бүгінгі айбынды әскердің рухани негізіне айналды. Осы тұрғыда даңқты қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп атап өткен. Бұл сөз – әрбір әскери қызметкердің ғана емес, тұтас ұлттың ұстанымына айналуы тиіс өмірлік қағида. Қазақ әскерінің әлеуеті – тек бүгінгі күннің көрсеткіші емес, ол – болашаққа деген сенім. Жаңа технологиялармен қаруланған, кәсіби даярлығы жоғары, рухы берік әскер – кез келген мемлекеттің ең басты қорғаны. Ал сол әскердің негізі – патриоттық рухпен тәрбиеленген ұрпақ. Сондықтан біз үшін ең маңызды міндет – елін сүйетін, жерін қорғай алатын, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеу. Өйткені айбынды әскер – алдымен айбынды рухтан басталады. Айта кетейік, Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті министрлік тарапынан жүктелген міндетті орындауға аса көңіл бөлінуде. «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының өңірімізге келуі – зор мақтаныш. Бірнеше күннен бері Сыр өңірінде болған қонақтарымыз өскелең жастармен кездесуде, – деді Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ербол Өтелбаев.

Нағи Ілиясов ауылындағы Орталық алаңда Алматы қаласынан арнайы әкелінген «Жауынгерлік даңқ» музейінің экспонаттары мен атыс қаруларының үлгілері ауыл тұрғындарына таныстырылды. Өз кезегінде аты аңызға айналған қолбасшы Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова Ұлы Отан соғысы жылдарында 316-атқыштар дивизиясының құрылуы және панфиловшылардың ерлігі жөнінде кеңінен айтып берді.

– Аты аңызға айналған қолбасшы Иван Панфилов бастаған панфиловшылардың ерлігі – тарих бетінде алтын әріппен жазылған ұлы шежіре. Бұл ерлік – тек бір кезеңнің ғана емес, мәңгілік ұрпаққа үлгі болатын рухани мұра. Осындай батыр тұлғаның тікелей ұрпағы мен үшін ерлік ұғымы – тек тарихи түсінік емес, жүрекпен сезінетін, санамен ұғынатын қасиетті құндылық саналады. Мен үшін ата аманаты – сол ерлік рухын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу. Жастарға тарихты таныту, батырлардың жолын үлгі ету – бүгінгі буынның маңызды міндеті. Себебі өз өткенін құрметтеген халықтың болашағы да берік болады, – деді Алуа Байқадамова.

Ауылдық мәдениет үйінде ҚР Қорғаныс министрлігінің орта­лық ансамблінің концерті ұйым­дас­тырылды. Концерттің ашылу салтанатында сөз алған тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков сөз алып, «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы негізінде өңірлерде өткізілген тағылымы мол іс-шараның мән-мағынасын тереңнен аша түсті. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен аппарат басшысы Нұржан Ешниязовқа ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтің Алғыс хатын табыстады. Салтанатты іс-шарада Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталық филиалы «Жауынгерлік даңқ» музейінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алуа Байқадамова да ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдірді.


ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ан­самблінің концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өнерпаздар жанды дауыста ән шырқап, би биледі. Патриоттық ән жүректерге жетіп, тыңдарман қауымға айрықша тебіреніс сыйлады. «Бұлбұл заман», «Қазағым-ай», «Аманат», «Бұлбұл», «Әлия» сынды бірнеше ән ансамбль солистерінің орындауында айрықша әсер қалдырды.

– ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында 500-ден аса жеке құрам бар. Орталық қызметінің бір бөлігі ансамбль жұмысы екенін айта кетейін. Оңтүстік және Шығыс аймақтарда өзіміздің филиалымыз жұмыс жасайды. Қызылорда қаласына 40-қа жуық оркестр мүшесі келді. Оркестрдің сүйемелдеуімен барлық ән жанды дауыста айтылады. Біздің ұжымда кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан, – деді орталық ансамбль бастығының орынбасары, аға лейтенант Марат Жетібаев.

Іс-шара барысында бірқатар азамат аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, құрметті меймандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет Нұрасыл Есенкелді
04 сәуір 2026 ж. 53 0