Төлемақы мөлшері жаңа әдіспен өлшенеді
Аудандық мәдениет үйінде ауызсу тарифтеріне байлынысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ізмағамбетов, «Қазсушар» РМК «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары Мінайдар Аралбаев және аудан тұрғындары қатысты.– 2025 жылғы 9 сәуірде ҚР жаңа Су кодексі қабылданды. Су кодексіне сәйкес ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен төлемақы мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді. Әдістемеге сәйкес ауызсуға тариф мөлшері республика бойынша ауызсуға орташа тариф және облыс бойынша орташа тариф шегінде бекітілуі қажет делінген. Қазіргі уақытта республика бойынша ауыз суға орташа тариф 1 текше метр үшін 208 теңге болса, облыс бойынша 109 теңгемен бекітілген. Ауызсуға халықтың төлемақы мөлшері есепке алу аспаптары бар тұтынушылар үшін – 30 теңге, есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін – 40 теңге. Бұл 2006 жылдан бері өзгеріссіз келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов.
Осы күні «Сыр суы» филиалының тұрғындарға ауызсу жеткізу қызметіне тариф мөлшері бекітілген. Мәселен, магистралды су құбырлары арқылы (топтық су құбырлары) – 590,47 теңге, таратушы су құбырлары арқылы (локалды су жүйелері) – 534,93 теңге. 2025 жылы тұтынылған ауызсу көлемі – 9,6 млн текше метрді құрайды. «Сыр суы» филиалының тұрғындарға ауызсу жеткізу қызметінің субсидияланған көлемі – 5,6 млрд теңге.
Жиында тұрғындарға осы жылдың 1 сәуірінен бастап ауызсу тарифі көтерілетіні айтылды. Бұл жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ізмағамбетов хабарлама жасады. Енгізілетін жаңа тариф бойынша толыққанды ақпарат берілді. Яғни, облыстық мәслихат шешіміне сәйкес осы жылдың 1 сәуірінен бастап ауызсудың төлемақы мөлшері өсетін болады.
Аудан тұрғындары ауызсудың сапасы, үздіксіз берілуі туралы ұсыныс, сұрақ қойып, мамандар тарапынан жауап берілді.
«Тт» ақпарат










