Жерлесіміз үндістанда тәжірибе алмасты
Сырдариялық жас ғалым Асқар Әли Үндістанда өткен IV «Үндістан – Орталық Азия» жастар халықаралық алаңында Қазақстан атынан қатысты.Аталған форумға Қазақстанның әр өңірінен қоғамдық белсенділігі жоғары, ғылыми және әлеуметтік салада өзіндік ойы мен көзқарасы қалыптасқан, 30 жасқа дейінгі 20 жас іріктеліп алынған. Солардың қатарында Сыр өңірінің жас өкілі, тереңөзектік Асқар Әли де бар.
Қазақстанның белсенді жастары Орталық Азия елдерінен жиналған 100 жас көшбасшының басын қосқан IV «Үндістан – Орталық Азия» жастар форумына қазақстандықтармен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдерінің өкілдері қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлағандай, форумның негізгі мақсаты – Орталық Азия мемлекеттері мен Үндістан жастары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және өңіраралық байланысты дамыту. Форум бағдарламасы аясында қатысушылар бірқатар маңызды халықаралық кездесулер мен іс-шараларға қатысты. Атап айтқанда, делегаттар Bombay Stock Exchange (BSE) және Indian Institute of Technology Bombay (IIT Bombay) сынды жетекші ұйымдардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қатысушылар Үндістан Республикасының Жастар ісі және спорт министрі мен Сыртқы істер министрімен, сондай-ақ Мумбай және Гоа штаттарының губернаторларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді.
– Үндістан – Орталық Азия жастарының IV форумы мен үшін тек халықаралық алаң ғана емес, жаңа идеялар мен мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды тәжірибе болды. Бұл форум аясында әртүрлі елдерден келген белсенді жастармен пікір алмасып, ортақ мәселелер мен болашаққа бағытталған бастамаларды талқылауға мүмкіндік туды. Әсіресе, ғылым, білім және технология салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын терең түсіндік. Мен үшін білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытында халықаралық тәжірибемен танысу ерекше құнды болды. Әлем бойынша жоғары рейтингке ие Indian Institutes of Technology (IIT) сияқты жетекші білім беру және ғылыми орталықтардың жұмысымен танысу кәсіби көкжиегімді кеңейтті. Осындай ауқымды алаңдар жастардың әлеуетін арттырып қана қоймай, елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенемін, – дейді жас ғалым Асқар Әли.
Айта кетейік, Асқар – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика педагогтерін даярлау» мамандығы бойынша магистратура түлегі. Ол қазіргі таңда білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған тың шешімдерді зерделеуде.
Жоғарыда айтылғандай, іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар тарихи маңызы зор көрікті орындарды аралап, Үндістанның бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Бибісара ЖАНӘЛІ









