Бала тәрбиесі олқылықты кешірмейді
«Руханият орталығында» «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» форумы өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық прокуратураның прокуроры Арман Жұмашев, жауапты сала басшылары мен орынбасарлары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев қатысты.Форумды ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы бала тәрбиесіне қатысты маңызды бірнеше мәселені атады.
– Бүгін біз баланың құқығын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясатын жүзеге асыру мақсатындағы форумда бас қосып отырмыз. Ел Президенті Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында ана мен баланы қорғау іс-шарасын күшейту қажеттігіне жүйелі түрде назар аударады. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, Ішкі істер министрлігі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы деп жариялады. Балалардың құқықтарын тиімді қорғау мүдделі мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының үйлестірілген іс-қимылын талап етеді. Біз бас қосып отырған форум – қоғам үшін аса маңызды алаңдардың бірі. Себебі, бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл форумда көтерілген мәселелер – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ана, ұстаз, жалпы қоғамның назарында болуы тиіс өзекті мәселелер. Балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылықтың жолын кесу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру – жүйелі жұмысты талап етеді. Бүгінде аудан көлемінде бұл бағытта бірқатар нақты іс-шара жүзеге асып келеді. Білім беру ұйымдарында түсіндірме жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп, профилактикалық іс-шаралар қолға алынған. Тиісті мекемелермен бірлескен жұмыс нәтижесінде балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға баса мән берілуде. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, әрбір баланың қауіпсіз әрі бақытты өмір сүруіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз болып қала береді. Баланың амандығы – елдің амандығы. Сондықтан заң мен тәртіпке негізделген қоғам қалыптастыру – бәрімізге ортақ жауапкершілік, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Күн тәртібіндегі бірнеше мәселенің түйінін тарқату мақсатында баяндамашыларға кезек берілді. Ең алдымен, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы мінберге шығып, атқарылып жатқан жұмыстарды атады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәмелет жасқа толмаған балалардың қатысуымен орын алатын қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің мамандары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Профилактикалық іс-шараларды күшейту негізінде аудандағы жалпы білім беретін мектептерде осы оқу жылында бөлім бастығының бұйрығы негізінде мамандар тартылған. Жыл басынан бері білім ошақтарында 128 оқушымен және ата-аналармен кездесу, сұхбат жүргізу, түсіндіру жұмыстары жасалды. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, білім алуы, толыққанды дамуы – мемлекеттің және қоғамның негізгі міндетінің бірі саналады. Балалардың құқығын қорғау шеңберінде заң талабын сақтау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оларды зорлық-зомбылықтан, теріс іс-әрекеттерден сақтауға барымызды саламыз. Заң мен тәртіп бар жерде қауіпсіздік бар. Біз әрбір балаға білім беріп қана қоймай, қауіпсіздігіне баса назар аударуымыз керек. Себебі, бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі болашағы. Бүгінде сала мамандарының қатысуымен 22 ата-анаға айыппұл салынды. Ойын-сауық мекемелерінде ата-ананың қарауынсыз жүруі бойынша 1 дерек анықталса, көшеде беймезгіл уақытта жүрген 98 дерек анықталған, – деді Қасымхан Асанұлы.
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі». Бұл орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып білім беру ұйымдарындағы бала тәрбиесіне қатысты жұмысты тізбектеді. Қазіргі уақытта аудандағы 17 білім ошағында 8 мыңнан аса баланың қауіпсіздігі – басты назарда.
– Кез келген білім ошағында кәмелет жасқа толмаған балалардың ата-аналарымен берік байланыс орнатылған. Келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында бөлімнің жылдық жоспары жасалып, тәрбиеге жіті көңіл бөлінуде. Аудандық прокуратура және полиция бөлімімен бірлесіп, «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз, балалар!» профилактикалық іс-шарасы қолға алынған. Облыстық прокуратураның бастамасымен «Адал бала» цифрлық платформасы барлық 17 мектепте қолданысқа енгізілді. Кәмелетке толмаған балалар арасында зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында 111 сенім телефоны жұмыс жасайды. Мұндайда балалар арасында оқиға орын алмаса да, қызық көріп хабарласатын жасөспірімдер жеткілікті. Мәселен, ауданда бір оқушы 111 сенім телефонына хабарласып, әжесінен қысым көріп жатқанын жеткізген. Алайда зерттеп, тексеру барысында жалған ақпарат екені анықталды. Оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылықты болдырмау алгоритміне сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Жиында аудандық прокуратураның прокуроры Арман Жұмашев, отбасын қолдау орталығының директоры Айнұр Төлегенова сөз алып, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты көпшілікке бірқатар маңызды ақпарат берді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ












