Еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдарды қабылдайтын боламыз - сенатор
Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың қызмет аясын заңмен белгілеу, әсіресе, оларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосу қажеттігі маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
"Сессияның ашылуында Елбасы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Еліміздің экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қажеттігі атап өтіліп, нақты тапсырмалар берілді. Солардың бірі – еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың қызмет аясын заңмен белгілеу, әсіресе, оларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қосу қажеттігі маңызды болып отыр" - дейді сенатор.Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығына саласына қатысты заңдарды жетілдіру қажеттігі айқындалғанын атып өтті.
"Қазіргі кезде бізде агроөнеркәсіп кешені туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді осы ауыл шаруашылығы саласына қатысты заң жобаларын одан әрі пысықтау, оған ұсыныстар жасап, өзгерістер енгізу арқылы жетілдіру туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, ел өміріндегі кейінгі кездегі жаңалықтар да заңнамада көрініс табатын болады. Атап айтқанда, жаңадан құрылып жатқан Түркістан облысын дамытуға қатысты, Шымкент қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобалары да қаралады. Алдағы уақытта Парламентте еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдарды қабылдайтын боламыз" - дейді Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов.