Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды құжат қабылданды

Маңызды құжат қабылданды

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.

Аталған құжатты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп әзірледі. Елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлт­тық жоспарында жаңа экономикалық бағытымыздың негізгі міндеттері мен параметр­лері айқындалған. Құжатта аса маңызды салаларды дамыту жөніндегі стра­тегиялық пайым, коронадағдарыс салдарын жұмсартуға және жаңа эконо­микалық нақтылық пен ағымдағы жаһан­дық үрдістер жағдайында экономиканың орнықты, инклюзивті және сапалы дамуын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі бағдарлар көрсетілген.

«Жоспар халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түбегейлі институционалдық және салалық реформалар үшін негіз қа­лайды. Нақты стратегиялық көрсет­кіштердің егжей-тегжейлі картасы ұлт­тық жоспардың ажырамас бөлігі болып табылады, оған қол жеткізу үшін экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арт­тыру, әртараптандыру, инвестиция­­ларды тарту, экспортты белсенді ілгерілету, жеке кәсіпкерлікті қолдау және кешенді дамыту арқылы оның жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылданады» делін­ген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, денсау­лық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуға, инфра­құрылымды дамыту­ға, нәтижелі жұмыспен қамтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арт­­­­тыруға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құралы болып табылатын «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы» Жарлыққа қол қойды. Жалпыұлттық басым­дықтар (ЖҰБ) үш түйінді ба­ғыт бойынша 10 нақты міндетті біл­діреді: азаматтардың әл-ауқаты, инсти­туттардың сапасы және күшті экономика құру.

«Мәселе жақын келешекте реформалар жүзеге асырылатын он бағыт туралы болып отыр: әділ әлеуметтік саясат, денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесі, сапалы білім беру, азаматтардың мүдделерін қорғауға ар­налған әділ және тиімді мемлекет, мемлекеттік басқарудың жаңа мо­делі, патриотизм құндылықтарын дә­ріп­теу, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, әрта­раптандырылған инновациялық эко­но­мика құру, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту және теңгерімді аумақтық даму. Ұлттық даму жоспарының және жалпы ­ұлттық басымдықтардың барлық индикаторлары бүкіл мемлекеттік аппарат жұмысының өзекті бағыттарын айқындайды. Көрсетілген стратегиялық құжаттарды іске асыру қазіргі кезеңнің сын-қатерлерін еңсеруге бағытталған және ортамерзімдік перспективада елдің халықтың өмір сүру сапасы мен табысының нақты өсуімен қатар жүретін орнықты және сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуын қамтамасыз етуге арналған» делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысында елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары дайындалатыны мәлім етілген еді.




10 наурыз 2021 ж. 520 0