Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 24 газет

04 сәуір 2026 ж.

№23 газет

31 наурыз 2026 ж.

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » Уәде – сенім көпірі

Уәде – сенім көпірі

Уәде – адам бойындағы асыл қасиеттің бірі. «Айтылған сөз – атылған оқ», «Уәде – Құдай сөзі» деген сөздер қазақы танымда жиі кездеседі. Егер жаратылыс ішіндегі ойлы, саналысы – адам десек, дәл солай уәде бере алатыны да – жалғыз адам. Сондықтан уәде – жел сөз емес, адамның адами келбетін құлатпай ұстаудың бір жолы.

«Мен уәде беремін» деп айтпасақ та, орындаймын деп айтылған сөздің орындалғаны абзал. Себебі айтылған сөздің атылған оққа тең екені рас. Ол ең біріншіден жауапкершілікті көрсетеді. Егер уақытылы орындай алмаған жағдайда, ескертіп айту ләзім.

Журналист Бейсен Құранбектің есімі көпшілікке белгілі. Өзі өмірден өтсе де, артында өшпес ізі қалған Бейсеннің болмысын даралаған қасиеті­нің бірі уәдеге беріктік бол­ған. Ол біреуге уәде бергенде есінен шығып кетпеуін қатаң қада­ғалаған. Тіпті, арнайы блокнотына берген уәделерін тізіп жазып, орындалғанына «плюс» белгісін қойып отырған. Осыны әдетке айналдырған.

Студент кезде жатақхана залында Бейсен Құранбекпен кездесу өтті. Теледидардан ғана көретін әйгілі журналист келеді дегеннен журналистика бағытын таңдаған студенттер акт залға ағылды. Сонда Бейсен ағаның айтқан тәлімді әңгімелері әлі күнге есімде. Жасаған ісін айтып мақтануды емес, адам бойында табылуы керек қасиеттерді өз өміріндегі мысалмен әдемілеп жеткізген еді.

Бірде мынадай оқиға орын алыпты. Беделді бір кісінің үстінен нақақтан жала жабылып, ұзақ мерзімге істі болады. Ол адамның таза, адал екенін білген Бейсен ең болмаса, қолынан келетіні – оның отбасына көмектесіп тұруға бекиді. Содан әлгі замандасының ұлы үйленетін болып, Бейсен Құранбек «Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» деп қыз жақпен келіссөзге өзі бастап барады. Бәрі оң шешіліп, құдалық күні белгіленеді. Бірақ ұзатып әкелер күні республикалық деңгейдегі іс-шараға орай құдалыққа қатыса алмайды. Содан кейін ұл жақ құда шақырғанда қыздың әжесі «Таразға келгенде нағашыларының үйінен қайтыпсың, біздің үйге де соқпадың ба?» деп назын білдіреді. Айыпты мойнына алған Бейсекең міндетті түрде баруға сөз береді. Келер жылы бір шаруалармен Шымкент қаласына жолы түскен Бейсен шопырға бағытты бұр деп, Тараз қаласына, кезінде өзі уәде берген әженің үйіне арнайы түскен екен. Қыздың әжесі ұлан-асыр ас беріп, көрші-қолаңмен танымал тұлғаның шаңырағына арнайы келгеніне қуанысып, абыройы асқақтап қалған ғой. Қайтар жолда шопыры «Аға, жолай соға салғанымыз дұрыс болды, құдалар кәдімгідей қуанып қалды» деген ғой. Сонда Бейсен Құранбек «Жолшыбай соға кеткен жоқпын, арнайы бардым. Былтыр кейуанаға уәде бердім ғой. Ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Уәдемді жұтсам, қария не ойлайды?» деп сөзден тосқан екен. Сөйтіп қалтасынан бір жапырақ қағазды шығарып: «Батыр, бері қара! Мен кімге уәде берсем, соны мезетте қағазға түртіп жүремін. Осы күнге дейін Бейсен болып жүргенім осы қағаздың арқасы. Осының ішіндегі бір уәдені орындамай қойшы, не болар екен? Ер жігіттің бағы осындайдан таяды. Уәдені «ауыздан шыққан жел сөз» деп қабылдауға болмайды. Мен уәдені көтергенде ол менің бағымды асқақтатады» деген екен. Бұл әңгіме «Бейсен және болмыс» кітабында да тарқатыла жазылған. Осындай ізгі қасиеттеріне қарата «Ол – барынша Құдайға ұқсауға тырысқан нағыз болмыстың иесі» деп жазады кітап авторлары.

Асыл дініміз үшін де асыл қасиет, имандылықтың белгісі – уәдеге берік болу. Не болса соны сөйлейтін адамның өзі де, сөзі де пәтуасыз, қайырсыз болады. Ондай адамнан айналасындағылар да іргесін аулақ сала бастайды. Пайғамбар (с.а.у) бір хадисінде: «Маған алты нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар» деген екен. Әрине, ауыздан шыққан әрбір сөзді орындау мүмкін бола бермес. Десе де Алланың қалауымен орындауға мүмкіндік бар уәдені орындаған абзал. Бұл ретте көкезуленіп әр нәрсені айта бермей, ойланып сөйлеу қажеттігін де назарда ұстау жөн. «Жақсы сөйле, болмаса үндеме» деген хадис те жеткенін естен шығармау керек.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 сәуір 2026 ж. 53 0