Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөзге салынған тыйым: «Табу» туралы не білеміз?

Сөзге салынған тыйым: «Табу» туралы не білеміз?

Ғасырлар бойы халық жадында сақталған ырым мен тыйымдар бар. Олар адамды бірде пәле-жәледен сақтайды делінсе, кейбірі сыйластық пен жақсы қарым-қатынасқа негізделген. Қазіргі таңда тұрмыстан жырақтап, қолданыстан шығып бара жатқан сөзге салынған тыйымдар «табу» деп аталады. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту «Рухани жаңғыру» бағдарламасында нақты көрсетілген. Сондықтан бүгін сөзге салынған тыйымға тоқталмақпыз.

Жоғарғы оқу орнында бізді саламызға қа­тысы бар түрлі ортаға тәжірибе алмасу үшін жіберетін. Бір жолы Алматы қаласындағы рес­публикалық «Дарын» мектебінде тәжі­рибеден өтетін болдық. Топтас қыз екеуміз біріміз тоғызыншы сыныпқа, біріміз сегізінші сыныпқа жауапты болып бекітілдік. Құр­бымның сыныбында Айым есімді қыз болатын. Сол Айымды оның «Айеке» деп атап, ерекше «құрмет» көрсеткенін бастапқыда көбіміз түсіне қоймадық. Кейін бұл жайтты өзі түсіндіріп берді. Сөйтсек жақында тұр­мысқа шыққан құрбымның енесінің есімі де Айым екен. Халқымызда жас келінге күйе­уінің туыстарының атын тура атауға ты­йым салынатын болса, халық арасында қа­уіпті жыртқыштың, ауру мен сырқаудың атын атауға болмайды деген наным бар. Бұны бүгінгі жас келіндердің көпшілігі біле бермейді. Екінші анасының көзінен таса жерде де атын тура атамаған сыйластықпен қоса «табу» ұғымының мәні мен мағынасы оқу­шыларға ұмытылмас сабақ болған еді.

Табу сөз – халықтың нанымы бойынша, атын тура атауға болмайтын, тыйым са­лынған сөздер. Табу – тек қана қазақ емес, басқа халықтар арасында кеңінен тараған құбылыс, ауқымы кең этнографиялық лексика. Солардың ішінде түркі тілдерінде жиі кездесетін бұл құбылысты қазақ тілінде көптеген ғалым­дар, соның ішінде ғалым Әділ Ахметов кеңінен зерттеген.

Түркі халықтарының тілін­дегі табудың бір түрі көне замандардан бүгінге жеткен, кезінде кең таралған, дегенмен бұл күнде біртіндеп жо­йылып бара жатқан «ат тергеу» салтымен тікелей байланысты. Ат тергеу салтының айғағы іспеттес «Ата, сыл­дыраманың ар жағында, сар­қыраманың бер жағында ма­ңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жаныманы білемеге білеп, алып келе қойыңыз» дейтін ақылды келіннің атасына айт­қан астарлы әңгімесі бұл күнде табу мен эвфемизмге қойылған ғажайып ескерткіштей әлемдегі ең салиқалы басылымдардың бірі – Британия энциклопедиясының төрінен орын алған. Бұл – табу сөздердің тек қазақ хал­қында емес, күллі түркі халықтары, одан арғысы Британия, Англияға дейін қолданы­латындығына айғақ.

Түркі халықтары, соның ішінде, қазақ­тарда ат тергеу салтына баса мән беріледі. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесінен» үзінді кел­тірсек:

«Манадан ешкімді кездестіре алмай тұр­ған әйел асығыс болса да, аз кідіріп қалған Байшегірге алыстан айғайлап:

– Үлкен кісі, жүзден жиырма кем ауы­лының жігіттері қайда жатады екен? Білсеңіз, жөн сілтеп жіберіңізші? – деді.

Әйелдің сұрап тұрғанының Сексен ауы­лының жігіттері екенін аңғармай қалған Байшегір:

– Шырағым, ондай оспағыңа шорқақ едім... Пайғамбардың ауылы болса да атын ата­шы! – деді. Әйел біреу естіп қалмас па екен дегендей, айнала бір қарап алды да:

– Тәңірі деген, жүзге жиырмасы жетпесе, сексен болмайтын ба еді?! Сексен ауылының жігіттерін сұраймын, – деді енді турасына тартып».

Бұл келтірілген мысал ертеректе қазақ ғұрпында кісі аттарын тікелей атауға тыйым салу әдетінің болғандығын көрсетеді.

Қазақ тілін тұңғыш зерттеушілердің бірі Н.И.Ильминский кезінде қазақ келіндерінің халықтың берік қалыптасқан ат тергеу салтын қандай дәрежеде бұлжытпай сақ­тайтынын сипаттайтын мынандай пікір қал­дырыпты. «Келінге күйеуінің туыстарының есім­дерін ашық атауға болмайды. Күйеуінің іні-қарындастарына ол өз тарапынан төрем, шырақ, жарқын сияқты ат қояды. Егер кү­йеуінің туыстарының қайсыбірінің есімі кейбір заттың атауына сәйкес келсе, келін ол затты да өз атымен атамай, оған лайықты әрі басқаларға түсінікті болатындай, жанама атау ойлап табатын болған».

Бұл деректерге қарағанда, қазақ пен қыр­ғыздардың ізетті әйелі, тіпті қыз күнінде-ақ, болашақ күйеуінің жеті атасына дейінгі қыз алыспас туыстарының есімдерін атау­ды ұятқа санап, оларды тергеп, басқаша атаған. Ал батылдау, ұялшақ емес әйелдер әлгіндей туыстардың есімдерін олардың кө­зінше атамағанымен, сырттарынан атап та жіберетін болған. Ал тыйым салынған есім­дермен үндес сөздерді ашық қолдану мін саналғанымен, күнәға баланбаған.

Қазақ әйелдерінің арасында берік қалып­тасқан ат тергеу салтына кезінде белгілі этнограф А.Н.Самойлович те назар аударыпты. Ғалымның пікірінше, қазақ әйелдері өздеріне атауға тыйым салынған кісі есімдерін тергегенде, қалай болса солай емес, керісінше, белгілі бір қалыптасқан жүйе бойынша, туыс­қандық қарым-қатынасты білдіретін ортақ терминдерді пайдаланып отырған. Сондай-ақ жаңа түскен келін міндетті түрде күйеуінің туыстарының атын тергеп жаңаша ат ойлап таппаса да, туысқандық атаумен мысалы, қайны аға, қайны апа, ақ қайным деп те атауына болады.

Сонымен бірге табу сөздер «ат тергеу» салтымен ғана байланысты емес. Жыртқыш жануардың атын атамау, жаман ауруды жанамалап айту да табу сөздерге жатады. Бір айта кетерлігі, қазақ тілінде кездесетін эвфемизм сөздерді табумен шатастырып алмау қажет.

Қорытындылай келсек, табу – жай ғана тыйым емес, киелі нәрсені аяқ асты етуге болмайды, әйтпесе оның киесі атады деген қорқыныштан туындайтын тыйым деп түсі­неміз.

Табу жөнінде сөз қозғағанда, есте болатын мәселе бірде-бір тіл ешбір сөзге өздігінен тыйым салмайды. Табу ұғымға салынатын ты­йым емес, тек сол ұғымның тілдегі атауына, яғни сөзге салынатын ты­йым. Тіл үшін ұғымның, сөздің өгейлігі жоқ. Табу сөз­ді халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен кішіпейілдігімен байланыста қарас­тырамыз. Ендеше, табу сөздер нағыз тәрбие көзі десек болады.

Дайындаған
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

13 қыркүйек 2022 ж. 624 0