Ырым-тыйым – тәрбие бастауы
Қазақ халқының ежелден бар болмысымен біте қайнасып келе жатқан ұғымдардың бірі – ырым-тыйымдар. Салт санамыздың бір бөлшегіне айналған бұл ұғымдар адам баласын артық істен тежеп отыратыны сөзсіз.
Бала күнімізден барлығымыздың үйімізде «бос бесікті тербетпе», «үйге қарай жүгірме», «табалдырықты баспа» деген секілді тыйымдар айтылып келеді, бірақ ешбірімізге себебін айтып, түсіндіріп жатпапты. Сыры беймәлім болып келген ырымдардың бала тәрбиесіне байланысты біршамасының астарын ақтаруды ұйғарған едік.
Қазақ қашанда ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, баланың болашағына аса ыждағатпен қараған. Бесіктен белі шықпай тұрып келешегін ойлап, ырым мен тыйымдардың өз әсері бар екендігіне сенген. Сол үшін қазақ баланың санын айтпаған, көз тиеді деп есептеген. Одан бөлек балалы болмаған жұбайлар нағашы жұртының бір баласын қасына алып жатса нәрестелі болады деген ұғым қалыптасқан. Сонымен қатар, қазақта көп жағдайда жүкті әйелдер шашын қимайтындығын байқаймыз. Себебі, іштегі бала кемтар болып туады, бақытсыз болады деген түсінікке негізделген.
Көбіне еститін жас келіндерге арналып айтылатын ырымдардың бірі «нәрестені дәретсіз емізбе» деген сөз. Тарихтан да белгілі Зере анамыз Абайдың әкесі Құнанбайды дәретсіз емізбеген. Бұл тектіліктің де белгісі сынды, нәтижесінде сондай анадан туған бала түбі ел билеген сұлтан болды. Қазақта барша құндылық ана сүтімен дариды деген түсінік бар екенін ескерсек, аналарымыздың бала тәрбиесін өз бойынан бастағанын аңғарамыз. Одан былай тазалықтың тәрбие бастауы екендігін де дана халқымыз жетік білген.
Қазақ халқы одан бөлек мерзімінен бұрын босанып қалмас үшін жүкті әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпаған. Түйе сияқты көп уақыт көтереді деп сеніп түйенің етін жегізбеген. Келінге бала кіндігіне оралып қалады деген сеніммен ине-жіп ұстатпаған.
Нәресте анасының ішінде жатқан кезде басталатын ырым-тыйымдар өмірге келгесін де өз жалғасын табады. Мәселен, баланың 40 күнге дейінгі шашын киелі деп есептеп көрінген жерге тастамаған. Нәрестенің кіндігін де ел қорғайтын батыр болсын деп аттың жалына байласа, қыз баланікін ата-анасы мен жарына адал болсын деген ниетпен ошақ қасына көмген. Жаңа туған баланы 40 күнге дейін бесікке бөлеп тастап кетпеген екен. Шақалақ бұл аралықта екі өмір арасында болады деген түсінік қалыптасқан. Одан қалды бала күнімізден көп естейтініміз «бос бесікті тербетпе» деген ырым. Астары бос бесікке ібіліс баласын салып қояды деген түсініктен туған. Сол себепті де сәбиді бесікке саларда отпен аластаған. Сонымен бірге халқымыз баланың іс-қимылына қарап болжам жасаған. Бала еңкейіп жол қараса, қонақ келеді деп ырым етсе шалқасынан жатып ұйықтаса елге белгілі азамат болады, аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса батыр болады деп жорамалдаған.
Қазақ жұрты балаға ат қойғанда да болашағына әсер етеді деген сеніммен жақсы есімдер қоюға тырысқан. Шариғатымызда да балаға көркем есім беру ата-ананың парызы екендігі айтылады. Бұдан ұғатынымыз дініміз бен ырым-тыйымдар арасында өзара ұштасып жатқан байланыс бары анық. Нәресте шала туып немесе шетінеп кете берген болса Итемген, Көтібар, Тұрар, Тоқтасын сынды есімдер қойған. Қыз көп болған жағдайда Ұлжан, Ұлбала, Ұлболсын, Ұлдана деп қойып, келесі баланың ұл болуынан үміттенген. Баланың қырқынан шығуы, сүндеттелуі мен бесікке салынуы, тұсауының кесілуі мен есімінің дұрыс қойылуының барлығы ырым-тыйыммен ұштасып жатыр. Бұл қазақтың көрегенділігінің, философиялық ой тұжырымының ерте кезеңнен қалыптасқандығының айғағы.
«Жаман ырым етеді, ырымы қырын кетеді» демекші, ырымдаудың да жөні бар екендігін ескерген дұрыс. Ырымның жаманы жоқ, тек ырымдай алмайтын адамдар бар. Сондықтан, кез-келген дүниені жақсылыққа балап, руханиятымыздың бір бөлшегіне айналған ырым-тыйымдарды жөн-жосығымен қолдана білсек қуантарлық дүние.
Жұлдызай АНШАЕВА