Жол қараса, қонақ келеді

Бала үйге кіріп келе жатып құлап қалса, үйге береке, ырыс келеді деп ырымдайды дана халқымыз. Ал бала жол қараса, қонақ келеді дейді. Тілін шығарса, сүйінші хабар келеді деп, осындай қылықтар жасағанда бүлдіршіндердің іс-әрекетін жақсылықпен ұштастырған.
Балалардың жүріс-тұрысы, жатып-тұруына да қатысты көптеген ырымдар қалыптасқан. Мәселен, сәби шалқасынан жатып ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі екен. Ал бүк түсіп жатса, болашақта уайымшыл, жігерсіз болады деп, мұны тыйып отырған. Сондай-ақ етпетінен жатып ұйықтаса, батыр, кемеңгер болады дейді. Бұдан бөлек кішкентай бала табаққа аяғын салса, тоқшылықтың белгісі екен.
Тоғыз ай толғатып, дүниеге келген сәбидің жолдасын дана халқымыз ешқайда тастамай, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл «Осы шаңырақта ұрпақ жалғассын» деген мағына.
Сонымен бірге баланың тісі түскенде, оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Оған қоса «көктей өрлеп өссін» деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді. Таудай болсын деп тауға лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады. Бала кезімізде тісіміз түсіп қалғанда ата-анамыз сандықтың артына тастататын. Оның да мәні осы тектес.
Фатима МАРАТҚЫЗЫ