Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент тапсырмалары тиянақтылықты талап етеді

Президент тапсырмалары тиянақтылықты талап етеді

Жылдағы дәстүрге сай Мемлекет басшысының халыққа арнайтын Жолдауын бәріміз асыға күтеміз. Себебі, Президент Жолдауында еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының басым бағыттары жан-жақты сараланып, қоғамдық-саяси ма­ңызы бар жаңалықтар жария етіледі. Биыл­ғы Жолдаудың да еліміз үшін мәні мен маңызы айрықша болды.

Жолдауды тыңдап, бұқаралық ақпа­рат құралдарынан толық нұсқасын асық­пай оқып шыққаннан кейін Президент­ айқындап берген бастамалар туралы арнайы тоқталып өткім келеді. Мен ең алдымен Жолдаудың экономикалық блогы­на тоқталмақпын. Өйткені, Жолдаудағы бірінші бағдар еліміздің жаңа экономикалық саясатына арналғанын баршаңыз жақсы білесіздер.

Біз ел экономикасында қордаланған мә­селелердің бар екенін білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Соның салдарынан көп салада еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар екені тағы анық. Ол мәселелерді шешетін, ретке кел­тіретін өзіміз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Ел Үкіметінен бастап биліктің барлық тармағына макроэкономикалық тұ­рақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру бағытында жұмысты күшейтуді тапсырды. Президент тапсырмасы аясында шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыруға да баса мән берілетін болады. Бұл туралы Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақ­саты еш өзгермейді. Оның мәні – сапа­лық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп атап өтті.

Жолдаудағы екінші бағдар нақты сек­торды дамытуға арналды. Бұл елдегі жал­­пы ішкі өнімнің артуына, әлеу­меттік-эко­номикалық көрсеткіштердің жақ­саруы­на және жаңа жобалардың жүзеге асуы­на тікелей әсер етеді. Соның бірі – инвес­тиция тарту мәселесі. Бұл тақырып төңірегінде кеңінен айту үшін бірінші инвестиция деген не екенін түсініп алуымыз қажет.

Жолдауда Президент айтқан инвес­тиция ұғымының ауқымы мүлдем үл­кен. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшы­сының: «Индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвес­тициялық тар­тымдылығын арттыруды тап­сыра­мын» деп айтуының екіжақты тиімділігі бар. Біріншіден, бұл жоғарыда атап өтке­нім­дей, сырттан тартылатын қаржы болса, екіншіден елдің игілігіне қалатын құн­дылық болмақ. Ал біздің байтақ жеріміздің кеңдігі мен жер қойнауын игеру саласындағы инвестициялық ахуал үйлеспейді. Осыны ескерген Президент мүлде басқа саясатқа көшкен жөн екенін айтты. Енді Үкімет жұмысы инвестиция тартумен және оның игілігін халықтың сезінуімен бағаланбақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Инвес­тиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған бас­ты міндеттің бірі. Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр» деп ерекше атап көрсетті.

Екінші бағдардағы тағы бір бас­ты мәселе ауылшаруашылық саласына арналды. Ауданымыз аграрлы аудан бол­ғандықтан, әсіресе су тапшылығы мәсе­лесіне байланысты Мемлекет бас­шысының ұстанымы бәріміз үшін маңызды. Оның үстіне бәрімізге белгілі ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы теріс әсер етті. Жолдауда бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғаны ашық айтылды. Өйткені, сырттан келетін су жыл сайын азайып барады. Ал сол аз судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

«Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми не­гіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мә­селелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деді Президент.

Осынау маңызды жұмысқа өмір тіршілігі су шаруашылығымен тығыз байланысты сырбойылық ғалымдар мен диқандар да атсалысады деп ойлаймын.

Мұнан бөлек, Жолдауда денсаулық сақтау саласы бойынша Мемлекет басшысы атап өткен басым бағыттарды зор тебіреніспен тыңдадық. Әсіресе, Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсыруы өте орынды болды. Енді Президенттің пәрменімен ме­дициналық инфрақұрылымды кешенді түр­де жақсартуға баса назар аударылатын бо­лады.
Әрине, денсаулық сақтау саласы бә­секеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Бұл да Президет назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатынын айтты. Яғни, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбеймек. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін ти­гізетіні анық.

Жолдаудың үшінші бағдарында жас­тар саясатына ерекше мән берілді. Бұл мәселе бәріміз үшін өзекті. Себебі, Президент айтқандай, білімді және бірнеше тілді меңгерген жастары көп ел болашаққа сеніммен қадам басады. Сондықтан жас­тар көшбасшысы білімді ғана емес, жан-жақты болуы керек. Өйткені, біздің күшіміз – бірлікте ғана емес, бүгінгі жастардың білімінде.

«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте, Жолдауда айтылған жа­ңа­шыл­дық­тар­дан аудан жастары тысқа­ры қалмауы керек. Әсіресе, NEET сана­тындағы жастарға ерекше мән берілуі қажет. Меніңше, аудандық жастар ре­сурс­тық орталығының жұмысы NEET сана­тындағы жастар мәселесін түбегейлі шешумен бағалануы қажет. Жыл соңына, тіпті осы тоқсанның қорытындысына дейін осы мәселеге мән бергеніміз дұрыс.

Төртінші және бесінші бағдарды бір-бірінен бөлек қарастырып талдау мүмкін емес. Себебі, мемлекеттік басқару жүйесі мен заң үстемдігі – ортақ тақырып. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметті ашықтық пен жариялыққа негіздеу мақсатында тың реформалар жүзеге асты. Нәтижесінде, салааралық байланыстар орнап, халық пен билік арасы жақындай түсті. Енді осы жұмысты жетілдіріп, сот, құқық қор­ғау органдарына қатысты шешімдер қабыл­дайтын уақыт келді. Бұл туралы Президент Жолдауда кеңінен айтып өтті. Соның бірі ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымызға байланысты. Бұл туралы Жолдауда Мемлекет басшысы ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейтінін анық айтты.

«Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді. Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгі¬ме қоз­ғаудың өзі артық. Бұл – қоғамның тұрақ­тылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз» деді Президент.

Ал саясаткерлер елімізде биыл Президент сайлауының кезектен тыс өткізілуі мен келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауының жоспарлануының дұрыс екенін айтуда. Президенттің бұл ұсынысы зиялы қауым өкілдері мен көп­шіліктің де қолдауына ие болды. Расында да соңғы жылдардағы, яғни «Жаңа Қазақстан құру» идеясындағы жаңашыл­дықтарды жүзеге асыруға уақыт пен адам әлеуеті керек.

Біз биыл тұңғыш рет 7 жыл мерзімге сайланатын Президентті сайлап алсақ, келесі жылы еліміздегі заң шығару процессінде ерекше орны бар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізсек, жаңа құраммен Жолдаудағы басым бағыттарды жүзеге асыруға кірісетін боламыз. Әрине, бәріне – уақыт төреші.

Шығыс даналығында «Алдағыны қа­тесіз болжау мүмкін емес. Бірақ жос­парлаған дұрыс» деген сөз бар. Біздің жоспарымыз – жүйелі, мақсатымыз – ай­қын. Тек бірлікпен, ынтымақпен сол жос­парларды орындауға жұмылуымыз қа­жет. Ендеше, ортақ Отанымызды бірге өркендетету ісін ауданымыздың дамуына жауапкершілікпен атсалысудан бастайық! Жолдауда Президент айқындап берген басым бағыттарды бірге жүзеге асырайық!

Ержан ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық
мәслихатының хатшысы
10 қыркүйек 2022 ж. 213 0