Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау: Басты міндет – бәсекеге қабілетті болу

Жолдау: Басты міндет – бәсекеге қабілетті болу

Соңғы уақыттарда елімізде болып жатқан саяси маңызды өзгерістерден кейін Ел Президентінің биылғы Жолдауын асыға күткеніміз анық. Мемлекет басшысы бұған дейін халыққа жолдаған Үндеуінде еліміз үшін аса өзекті мәселелер бойынша жаңа реформаларды наурыз айында жариялайтынын айтқан еді. Расында да бүгінгі Жолдаудың мәні мен маңызы ерекше болды.

Мен саяси реформалардан гөрі азаматтық қоғам мен әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде халық пен билік арасындағы байланысты бекемдей түсетін бұқаралық ақпарат құралдары жөнінде айтқан Президенттің ұстанымы туралы пікір білдіргім келеді. Өйткені Мемлекет басшысы өз Жолдауында журналистердің бәсекеге қабілетті болуы керектігін ерекше атап өтті.

Қазір әлем алмағайып кезеңді бастан өткеруде. Жаңа сын-қатерлер мен өзгерістер орын алып, саяси ұстанымдар күн санап жаңаруда. Мұндай күрделі сәтте халыққа дұрыс ақпарат ұсынып, биліктің ұстанымын, халықтың көзқарасын тереңнен зерделей білудің маңызы зор. Яғни журналистер бәсекеге қабілетті кәсіби маман ретінде шынайы, дәйекті ақпараттарды тез әрі мазмұнды түрде жеткізуі тиіс. Ол үшін ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет. Осы ретте Президент журналистердің еркіндігі мен ақпаратты алу қолжетімділігі заңмен реттелетінін, яғни қолданыстағы БАҚ туралы заң қайта қаралу керектігіне де назар аударды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды» деді Президент. Ендеше алдағы өзгерістерде ресми органдар жариялылық қағидатын негізге алып, журналистерге ашық ақпарат беруге мән береді деп сенеміз. Президенттің бастамаларын жүзеге асыру үшін БАҚ туралы Заң жобасы әзірленерде журналистердің пікірі міндетті түрде ескерілгені жөн.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газетінің
Бас редакторы
19 наурыз 2022 ж. 419 0