Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірінші басымдық: пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму

Бірінші басымдық: пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму

Біз тағы бір тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев кезекті Жолдауын жариялап, ел дамуы­ның басым ба­ғыт­тарын айқындап берді. Бүгін Жолдаудың бірін­ші ба­сымдығы, яғни пандемия­­дан кейінгі кезеңдегі эко­номикалық даму туралы жазамыз.
Ел Президенті Жолдауда Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстанның қазір пандемияның зардабын тартып жатқанын ашық айтты. «Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық» деген Президент жақын арада Ұлттық жобалар бекітілетінін мәлімдеді. Біздің ендігі стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Бұл пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуымыздың негізі болмақ.
Қ.Тоқаев экономикамызға тікелей инвес­тиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілгеніне назар аударды. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторды оң­тай­­ландыру үшін нақты шараларды қолға алын­ғанына тоқталды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірілгенін, ен­шілес компаниялар екі есе азайып, олардың штат саны бір жарым есе қысқартылғанын атап өтті.
Стратегиялық маңызды құжатта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігі дәлелденгені жария етілді. Бағдарламаны жүзе­ге асыру барысында республика бойынша 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылса, 70 мың жұ­мыс орны ашылған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Президент мұның бәрі экономикалық дамуымызда оң үрдістің сақталуына әсер еткенін айтты. Оның ішінде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама да бар. Ең бастысы, бұл бастаманың әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Соның арқасында миллионнан астам азамат тұрғын-үй жағдайын жақсартып, ипотекалық қарызын азайтуға мүмкіндік алды. Дегенмен әлеуметтік-экономикалық ахуалдың әлі де күрделі болуына байланысты Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Жолдауда бюджеттің кірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеу міндеттелді. Прзидент экономиканы әр­тараптандыру, өндірілетін тауарлардың тү­рін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жө­ніндегі жұмысты жалғастыру керектігіне тоқ­талды.
«Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешудің оңтайлы жолын табуға тиіс» деген Қ.Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару екенін қаперге салды.
Еліміздің ауыл шаруашылық саласының әлеуеті зор екені көп айтылады. Бірақ агро­өнеркәсіп кешені саласында қордаланған мәсе­лелер аз емес. Бұл мәселе Жолдауда кеңінен айтылды. Президент «министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді» деп баға тұрақсыздығын сынға алды. «Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс» деген Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды.
Мемлекет басшысы айқындап берген бірінші басымдықта Ауғанстандағы ахуал назардан тыс қалмады. Президент жаһандық шиеленістің күшеюі қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейтінін айтты. «Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек. Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда» деген Қ.Тоқаев мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жос­пары әзірленетінін хабарлады.
Жолдаудағы бірінші басымдықта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары толық қамтылды. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін стратегиялық маңызды құжатта көрсетілген тапсырмаларды сапалы, уақытылы орындау үшін атқарушы, өкілді, қадағалаушы, заң шығарушы органдар бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана халықтың билікке, Жолдауға деген сенімі арта түседі.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты
(Сурет "Егемен Қазақстан" газетінен алынды)
11 қыркүйек 2021 ж. 1 787 0