Өрт оқиғаларынан сақ болайық!
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының басында Қостанай аймағындағы орман алқабы өртеніп, сол өңірдің тұрғындарына материалдық шығын келген еді. Бүгінгі күнге дейін өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты аудан аумағында өрт оқиғаларының алдын алу бойынша тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Топ құрамында аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жауапты қызметкерлері бар.
Аталған топ аудан көлеміндегі елді-мекендердің тұрғындарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Табиғи өрттердің белең алуының басым көпшілігі адамдардың алаңғасарлық, немқұрайлық және мәдениетсіздік әрекеттеріне байланысты. Ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от – осының барлығы орны толмас үлкен қайғыға соқтырады.
Ең бастысы – табиғи өртті ескерту, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, ұқыптылық. Сондықтан табиғи өрттің алдын алу және материалдық зардап шекпеу мақсатында келесі маңызды ережелерді естеріңізге саламыз:
- жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желдi ауа-райында ауылдық елдi мекендер мен саяжайлық ауылдарда, бақшалық учаскелерде от жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмейдi;
- сенбілік кезінде жиналған қураған шөптер мен қоқыс қалдықтарын желді күндері жақпаңыздар, жаққан алаудың толық сөнгеніне көзіңізді жеткізбей қараусыз қалдырмаңыз;
- елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыстардың, ғимараттардың өртке қарсы қашықтығы, сондай-ақ тұрғын үйге, саяжайға және басқа да құрылыстарға жақын учаскелер жанармай қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан дер кезінде тазартылып тұруы қажет;
- өрт пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ержелерін сақтау мақсатында жасөспірімдер мен балалар арасанда әңгіме жүргізіңіз;
- темекі тұқылын және жанып жатқан отты мұқият өшіріңіздер.
Егер Сіз, табиғи, дала өртін немесе жану оқиғасын байқасаңыз, немқұрайлық танытпай, тез арада өрт сөндіру бөліміне «101» телефон нөмірі арқылы хабарлаңыз.
Естеріңізде болсын! Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаған кінәлі тұлғалар жасаған құқық бұзушылығының ауырлығына сай Қазақстан Респуликасының заңнамаларына, яғни, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы және қылмыстық кодекстеріне сәйкес тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.
Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімі