Кітап оқитын ұлт – кемел келешек кепілі
Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын тағылым мен танымның алтын көпірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі идеясы да – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру, өскелең ұрпақты білім мен парасатқа баулу. Өйткені кітап оқитын қоғамның ой-өрісі кең, көзқарасы кемел, болашағы баянды болмақ. Осы бағыттағы игі бастама – «Үздік оқырман – 2026» облыстық байқауының екінШі кезеңі Сырдария ауданында ұйымдастырылды.Облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Руханият орталығында» өткен тағылымды іс-шараға кітапты жанына серік еткен, әдебиет әлеміне терең бойлаған, ізденіс пен білімді өмірлік ұстанымына айналдырған оқырман жиналды. Білім мен парасатты, ізденіс пен зердені тоғыстырған байқауға алғашқы кезеңде 54 оқырман қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Іріктеу нәтижесінде, 36 үміткер екінші кезеңге жолдама алып, білім додасында бақ сынады. Қатысушылар Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлемі» және Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» кітабындағы көркем шығармалардың мазмұнын, авторлардың өмірі мен шығармашылығын, әдеби туындылардың идеялық-көркемдік ерекшеліктерін қаншалықты меңгергенін көрсетті. Әрбір сауалға берілген жауап олардың кітаппен өткізген уақытының, ізденісінің және рухани дүниесінің айнасына айналды.
Байқаудың әділ әрі жан-жақты өтуіне белгілі қаламгерлер мен әдебиет саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасының құрамында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова, қарымды қаламгер, ақпарат саласының майталманы Қаныбек Әбдуов, журналист, жазушы, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері Нұрсұлтан Мықтыбай, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысының орынбасары Айгүл Жаңғабылова, Сырдария аудандық орталық кітапхананың тәжірибелі мамандары Сайра Сейтен мен Гүлдана Әбенова болды.
Қазылар алқасының төрағасы, ақын Қаршыға Есімсейітова кітап оқудың адам өміріндегі орнына тоқталып, мұндай байқаулардың рухани маңызы зор екенін атап өтті.
– Кітап – адамды тәрбиелейтін, дүниетанымын кеңейтетін, ойын ұштайтын ең сенімді серік. Көркем әдебиетті оқу арқылы адам өзгенің тағдырын таниды, өмірге басқа қырынан қарайды, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратады. Бүгінгі байқауға қатысқан оқырмандардың ізденісі мен әдебиетке деген ықыласы қуантады. Себебі кітапты шын сүйетін адам ғана шығарманың сыртқы мазмұнымен шектелмей, оның тереңіне бойлап, автордың айтар ойын жүрегімен сезіне алады. Осындай жобалар көбейіп, кітап оқуды сән ретінде қарамай, өмірлік қажеттілікке айналдырса, ұтарымыз көп. Кітаппен дос болған ұрпақтың келешегі кемел болады, – деді қазылар алқасының төрайымы.
Қоғам қайраткері, жобаның авторы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Аида Әбибуллаева сөз сөйлеп, «Кітап оқитын ұлт» жобасының қоғамдағы рухани жаңғыруға қосар үлесіне ерекше тоқталды.
– «Үздік оқырман – 2026» облыстық байқауын қолға алудағы басты мақсатымыз – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әр адамның бойында ізденуге, үйренуге деген құштарлықты ояту. Кітап оқу – тек білім жинау емес, ол адамның ойлау қабілетін дамытып, сөздік қорын байытады, дүниетанымын кеңейтеді. Әсіресе, бүгінгі ақпарат ағыны күшейген заманда көркем әдебиеттің тәрбиелік мәні мен тағылымдық маңызы арта түседі. Біз жастармен қатар, барлық буын өкілінің кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз керек. Бүгінгі байқауға қатысып отырған әрбір азамат – осы бастаманың шынайы жанашыры. Сіздердің кітапқа деген сүйіспеншіліктеріңіз өзгелерге үлгі болсын. Кітап оқитын ұлт болу – білімді, мәдениетті әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастырудың маңызды жолы, – деді Аида Әбибуллаева.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева да байқаудың маңызына тоқталып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді
Білім додасының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бас жүлде Балтабай Ордабековке бұйырды. Бірінші орынды Ұлбосын Жақсылықова иеленсе, екінші орын Айжан Қайырбекке табысталды. Үшінші орынға Злиха Сыздықова мен Шынаркүл Асылбекова лайық деп танылды. Байқауға белсенді қатысып, өз білімдерімен ерекшеленген Сая Әбдікерова, Гүлмира Смағұлова, Ақмарал Алмасбек, Жарқынай Дәулетиярова және Гүлпатшайым Байғараева ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен сыйлық табысталып, барлық қатысушыға алғыс білдірілді.
Ал бас жүлдеге ие болған әріптесіміз Балтабай Ордабековтің жеңісі – кітапқа деген адалдық пен үздіксіз ізденістің жемісі. Бұл байқау Сырдария ауданында кітап оқуға деген құштарлықтың жоғары екенін көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









