Ауыл жады – ұлт қазынасы
Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен жыл басынан бері ауданға қарасты бірнеше елді мекендегі тарихи-мәдени ескерткішті кеңінен насихаттау, туған өлкенің тарихын таныту және туристік әлеуетін арттыру мақсатында арнайы іс-шара жүзеге асуда. Тың бастама – ұлттың рухани қазынасын түгендеп, ата-бабадан қалған асыл мұраларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды жұмыс.Осы жоспар аясында Айдарлы ауылындағы Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Арт уақыт» жобасы аясында «Ауыл жады – ұлт қазынасы» тақырыбында танымдық кеш өтті. Оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төралиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Жәнібек Маханбет және облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының маманы Гүлжан Бахрамова, «Мәді қожа» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қожжан қожа әулиенің ұрпағы Пірмұхамед Айтбайұлы, ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Танымдық кеште клуб үйінің дәлізінде арнайы көрме ұйымдастырылып, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы Асанас қалашығынан табылған тарихи жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынды. Көрмеге келушілер көне дәуірден сыр шертетін құнды мұралармен танысып, өңірдің бай тарихы жөнінде мағлұмат алды. Тарихи жәдігерлерді көзбен көру арқылы қатысушылар туған өлкенің өткеніне тереңірек үңіліп, ата-бабадан қалған мұралардың қадір-қасиетін сезінуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің меңгерушісі Орынбай Оспан Пірмұхамед Айтбайұлымен сыр-сұхбат жасады. Сұхбатта ел жадында сақталған тарихи деректер, ата-баба мұрасы мен рухани құндылықтар туралы сөз қозғалып, ұрпақ сабақтастығының маңызына тоқталды. Атадан балаға жеткен тағылымды әңгімелер мен тарихи мәліметтерді сақтау – халықтың рухани жадын жоғалтпай, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты нығайтудың бір жолы.
Іс-шара тарихи ескерткіштер туралы әзірленген бейнероликпен жалғасып, туған өлкенің тарихи орындары мен олардың мәдени-рухани маңызы кеңінен таныстырылды. Әсіресе Сыр өңірінің тарихында айрықша орны бар Асанас қалашығына назар аударылды. Көне қалашықтың тарихи маңызын таныту арқылы өңірдің бай мұрасын зерттеу, сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу мәселелері қозғалды.
– Асанас қалашығы секілді тарихи орын – туған өлкенің өткенінен сыр шертетін, ел жадын жаңғыртатын құндылық. Осындай мұраларды зерттеп, олардың тарихын көпшілікке жеткізу арқылы жас ұрпақтың туған жерге деген ықыласын арттыруға болады. Тарихи орындарды кеңінен таныстыру өңірдің танымдық және туристік әлеуетін дамытуға да мүмкіндік береді. Өйткені тарих тек жазба деректер мен көне ескерткіштерде ғана сақталмайды. Ол – ел аузындағы әңгімелерде, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан шежіреде, ата-баба өнегесі мен халықтың рухани дүниесінде де көрініс табады. Осындай құндылықтарды жинақтап, жүйелеп, кейінгі буынға жеткізу туған жер тарихын тереңірек тануға жол ашады, – деді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының маманы Гүлжан Бахрамова.
Танымдық кездесуде өлкетанушы, еңбек ардагері, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төралиев пікір білдірді. Олар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, зерттеу және кеңінен насихаттау жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында туған өлкенің тарихи мұрасын танып-білудің, құнды жәдігерлерді сақтаудың және тарихи орындардың танымдық әрі туристік әлеуетін арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Тарихи нысандарды қорғау – тек белгілі бір мекеменің немесе мамандардың міндетіне жүктелмейді. Оған бүкіл қоғамның жауапкершілікпен қарауы қажеттігі айтылды. Себебі, мәдени мұраның сақталуы – елдің өткеніне деген құрметтің, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлықтың белгісі.
Өлкетану бағытындағы осындай кездесудің тағы бір ерекшелігі – жергілікті тұрғындардың өз өңірінің тарихына деген қызығушылығын арттыруында. Ауылдың тарихын жақсы білетін азаматтардың тәжірибесі мен зерттеушілердің білімі ұштасқанда, тарихи деректерді жинақтап, оларды кеңінен танытуға мүмкіндік туады. Өз кезегінде жас ұрпақтың туған жерге деген мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Тағылымы мол іс-шара соңында ауыл ардагері Әлімхан Уалиханұлы Бахадуров пен Пірмұхамед Айтбайұлы қорытынды сөз сөйлеп, ауыл тарихын сақтау, тарихи мұраларды қадірлеу және оны келер ұрпаққа аманаттау жөніндегі ізгі тілектерін білдірді.
– Туған жердің тарихын білу – ата-баба аманатына деген құрмет. Біздің өңірімізде тарихи маңызы зор киелі орын мен құнды мұра аз емес. Оның ішінде, Қожжан қожа әулиенің есімі мен оған қатысты тарихи деректердің ұрпақ жадында сақталуының маңызы ерекше. Осындай танымдық іс-шара арқылы ел ішіндегі көптеген тарихи мәлімет жаңғырып, көпшілік туған өлкенің өткенімен тереңірек танысады. Әсіресе жастардың ата-баба тарихына қызығушылық танытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі қуантады. Тарихи мұра дегеніміз – тек өткен күннің белгісі ретінде қарастыруға келмейді. Ол – ұрпақтар арасындағы рухани байланысты жалғайтын алтын көпір. Сондықтан ел аузында сақталған шежіре мен тарихи деректерді жинақтап, кейінгі буынға жеткізуге ерекше мән беруіміз керек. Ата-бабамыздан қалған аманатты көздің қарашығындай сақтап, киелі орындарымызды құрметтеу – баршаға ортақ міндет. Осындай игі бастама жалғасын тауып, туған жердің тарихы кеңінен насихаттала берсе екен деймін. Өйткені өткенін таныған ұрпақ қана өзінің тамырын терең түсініп, болашағына нық қадам жасай алады, – дейді «Мәді қожа» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қожжан қожа әулиенің ұрпағы Пірмұхамед Айтбайұлы.
Расында, туған өлкенің тарихын сақтау – өткенге тағзым етумен қатар, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бүгінгі ұрпақ ата-бабадан қалған мұраны танып-біліп қана қоймай, олардың тарихи маңызын түсініп, кейінгі буынға жеткізуге атсалысуы қажет.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









