Тиісті заңнамалар бойынша мәселелер көтерілді
Сырдария ауданы әкімі Т. Дүйсебаевтың 2021 жылғы 5 ақпандағы №19 өкіміне сәйкес "Аудан көлемінде жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласы бойынша тиісті заңнамаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу» мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, аудан көлемінде тиісті түсіндірме жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 9 ақпан күні жұмысшы топ мүшелері облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы З. Садақбаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б. Омаров, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е. Ахетов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Әзірбек Сырдария ауданына қарасты Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдық округтеріне барып тұрғындармен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндірме жұмыстары барысында аталған ауылдарға аяқ су жеткізу мәселесі, жайылымдық және егістік жер мәселесі, балық шаруашылығы кәсібін ашу, қайтарымсыз гранттар алу, қой және құс шаруашылығын өркендету, бизнес жоспар жасау, «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқу, алма бағын ашу секілді көкейге қонымды мәселелер талқыланып, елді мекен тұрғындарына жұмысшы топ мүшелерімен тиісті қолданыстағы заңдылықтар аясында түсіндірме берілді.
Ауыл шаруашылығымен айналысамын деген азаматтар, үй жағдайында бизнесімді дөңгелетем деген көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар аталған түсіндірме жұмыстарына белсене қатысты.
Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелендіру, қайтарымсыз гранттар беру тетіктері, ҚР Жер кодексі, ҚР «Шаруашылық серіктестіктер туралы» Заңдарына сәйкес тиісті түсіндірмелер алдағы уақытта Сырдария ауданына қарасты барлық елді мекендерде жалғасын табатын болады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ