Жаңғыру мен өркендеудің стратегиялық бағыты
Жолдаудың негізгі басымдықтары ретінде ең алдымен Президент халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды тетігі – әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту деп атады. Басты назарды инфрақұрылымға аудару қажеттігін айтты. Яғни Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы тиіс. Бұл жерде әрбір аймақта жекелеген жобалардан бөлек ауқымы кең құрылыс нысандары жаппай салынуы қажет. Бірінші кезекте қажет деген білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарына талдау, зерттеу жүргізу арқылы құрылыс іске асады. Біздің облыста құрылысы басталған ірі жобаның қатарында денсаулық сақтау нысандарының салынуы соның айқын дәлелі. Мұның барлығы сайып келгенде ауыл тұрғындарының сапалы өмір сүруіне жасалған жағдай.
Құрылыс нысандарын, инфрақұрылымын цифрлық бағдарламаға сай әзірлеу басты міндет болып қала бермек. Бұл қаламыздың қауіпсіз, жайлы, әрі көрікті болуына, дамуына негіз болады. Осы орайда маңызды нысандар салуға мемлекетіміздің күші мен мүмкіндігі жететіні анық.
Экономикалық ахуалдың деңгейін атаған Президент биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жеткенін айтты. Бұл жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан келеді. Ал еліміз экономикалық жағдайы халық саны біздің елден көп елдердің көрсеткішінен асып, әлемде 47 орынға шықты. Мұндай әлеует инфрақұрылымды жандандыруға, барлық аймақты көркейтуге жұмсалмақшы. Алдағы уақытта ең қажетті деген әлеуметтік, көлік, инженерлік инфрақұрылым нысандарының салынуы соның айқын көрінісі. Ел Үкіметі жаңа Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеп, алдағы үш жылда Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысы: «Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз» деді. Мұны басты міндетіміз әрі тарихи миссиямыз деп айтқан Президент Ұлттық қор қаражатын қоғамға пайдалы дүниеге жарату қажеттігін ескертті.
Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру екенін ұмытпауымыз қажет. Еліміз бойынша бой көтеретін 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанының қатарында перзентхана мен аурухана, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балаларға қажетті спортзалдар бар. Еліміз бойынша 50-ге жуық білім беру мен спорт, мәдени нысандардың құрылысы жүреді. Ауылдық жерлерге газ және таза ауызсу құбырын тарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Осы күні облыс бойынша көптеген ауыл аймақтарға тартылып жатқан табиғи газ игілігін тұрғындар жақын күндері көретін болады. Ауданның өзінде газбен қамтылу едәуір артады деп күтілуде.
Жалпы келер жылға басталатын құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ел-жұрт мақұлдайтынына сенім мол. Біріншіден, бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын көтерсе, екіншіден, кәсіпкерліктің кең етек алуына, экономиканы дамытуға ықпал етеді. Осы бағдарлама арқылы мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, оның игілігін болашақ ұрпақ көреді.
Ел келешегі үшін маңызды құжатта логистика мәселесі де айтылды. Президент: «Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет» деді.
Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолды сапалы салуға қатысты аса маңызды міндет тұрғанын айтқан Мемлекет басшысы «Жолдың сапасы өте жоғары болуы керек» деп қатаң ескертті.
Ел алдында тұрған стратегиялық міндет – әуежай құрылысы, электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғырту. АЭС құрылысына қатысты пікірін білдірген Президент: «Шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр» деп келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің және «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау қажет екенін айтты.
Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығын одан әрі қарқынды дамыту. Бұл сала шамамен 6 пайызға өссе, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайғанымен, бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалған.
Елімізде су ресурстарының тапшылығын жою үшін жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өткен Президент ауызсуды көлік жууға тұтынатындарды қатаң сынға алды. Мұны барып тұрған сорақылық, «Судың да сұрауы бар» деп Үкімет пен әкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек деді. Қай кезде де суды үнемдеп пайдалану бәріне ортақ міндетті қағида болуға тиіс.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген табысты жобалар қатарында Қызылорда облысын ерекше атап өтті. Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысатынын тәжірибеге енгізу және кең тарауына жағдай жасау керектігі айтылды.
Әрбір қазақстандықтың алдында – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру мақсаты тұр. Көштің соңында жүрмеу үшін замананың сын-қатеріне төтеп берудің бірден бір жолы – стратегиялық тұрғыда бір қадам алда жүріп жұмыс істеу, сол арқылы Қазақстанның болашақ келбетін қалыптастыру.
Сонымен жаңа тарихи кезеңге қадам басқан мемлекетіміздің барлық аймағында қарқынды құрылыс жүргізілетін болады. Бастысы, заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, халықтық цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсатымызға қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз. Бұл – стратегиялық міндет.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Коллаж А.Нұр









