Дала өрті ауыздықталды
Өткен аптаның сейсенбісінде «Тереңөзек-Шаған» тас жолының бойындағы тоғайда өрт оқиғасы орын алды. №12 аудандық өрт сөндіру бөліміне 15.00 шамасында тоғайды қызыл жалын шарпып жатқандығы жөнінде хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер заматында жедел штаб құрып, өрттің шығу себебін анықтауға кірісіп кеткен болатын. Аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі, Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі бірлескен оқу-жаттығуға 50-ге жуық сала мамандары жұмылдырылды.
Ең алдымен, төтеншеліктер дала өртінің шығуына себепкер болған олқылықтарды анықтады. 5-10 минут ішінде қызыл жалынмен арпалысқан сала мамандарына тәжірибелік тұрғыдан бағыт-бағдар берілді. Ауданға қарасты елді мекендерден еріктілер тартылып, дала өртін тоқтатуда кәсіби мамандарға көмектесті. Орман қорына жататын жерлерде өрттің жиі шығуына тосқауыл қою үшін арнайы жоспар құрылды.
– Аудан аумағында өрт оқиғасына тосқауыл қою мақсатында атқарушы билік тарапынан жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Күн тәртібінен түспейтін төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті іс-шаралар атқарылатын болады. Оның ішінде, өртке қатысты тиісті бөлімдердің жұмысын жандандыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қ.Қуандықов.
Өз кезегінде Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Б.Ұлтанбекұлы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Р.Беркінбаев оқу-жаттығу барысында дала өртін сөндіруге бірнеше техника қамтылғанын және тоғайда орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға байланысты атқарылған жұмыстарды баяндады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ