Өрт сөндіру бекеті жұмысымен танысты

Негізінде, аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық елді мекендерінде төтенше жағдай орын алғанда өрт сөндірушілердің облыс орталығынан жетуі біршама уақытты қамтиды. Сондықтан аталған ауылдардағы төтенше жағдайды дер кезінде тоқтату кейде мүмкін бола бермейді. Осыған байланысты Аманкелді ауылындағы бұрынғы өрт сөндіру бекеті өткен жылы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылды. Бұған жергілікті бюджеттен 2 млн. 475 мың теңге бөлінген болатын.
– Төтенше жағдай орын алған жағдайда елді мекендегі өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері тілсіз жауды ауыздықтай алады. Бұл бекет көрші үш ауылға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері бұл ауылдарда өрт оқиғасы тіркелген жоқ, – деді Қ.Қуандықов.
Аудан басшысы тиісті талаптарға сай жабдықталған мекемені аралап, өрт сөндірушілерді арнайы киімдермен қамту мәселесін шешу қажеттілігін атады. Ауылдағы өрт сөндіру бекеті қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Елді мекенде осындай мекеменің қайта жандануына ұйытқы болған аудан әкіміне еңбек ардагері М.Кенбаев алғысын білдірді.
Өрт сөндіру бекетінде өрт сөндірушілер Ш.Сейдәлиев, М.Алтынбайұлы, Е.Мәліков пен жүргізуші Ғ.Махамбетов қызмет етеді. Мұнда өрт сөндіруге арналған арнайы техника бар және құрал-жабдықтармен қамтылған. Қажетті суды ауылдың ішіндегі өрт гидранттарының кез келгенінен алуға мүмкіндік қарастырылған.
Ердос БЕРКІНБАЕВ