Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№85 газет

10 қараша 2026 ж.

№84 газет

07 қараша 2026 ж.

№83 газет

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Адал еңбек пен адамгершіліктің үлгісіа

Адал еңбек пен адамгершіліктің үлгісіа

Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті абыроймен атқарған азаматтардың өмір жолы кейінгіге өнеге болып қалады. Жақында өнегелі өмір иесі, туған жерінің дамуына атсалысып, жауапты қызметтерді абыроймен атқарған азамат Нұғман Нұртаза Атаұллаұлын еске алуға арналған «Ел есіндегі ер тұлға» атты тағылымды кешке куә болдық. «Руханият орталығында» өткен іс-шараға зиялы қауым өкілдері, Нұртаза Атаұллаұлының ұрпағы мен туған-туыстары қатысты.

Спорттық турнирмен басталған іс-шаралар легі еске алу кешімен жалғасты. Сондай-ақ әке рухына тағзым етуге арналған аспен жалғасын тапты. Қазақ күресінен жас­өспірімдер арасында өткен ашық турнирді аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов ашып берсе, қоғам қайраткері, Сыр­дардия ауданының құрметті азаматы Батырбек Маншарипов, отбасы атынан інісі Нұғман Әділ жарысқа қатысушы спортшыларға жылы лебіздерін біл­діріп, сәттілік тіледі.

Одан кейін ардақты тұлғаны еске алу кеші «Руханият орталығында» жал­ғасты. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ахетов арда азаматтың мәңгілік өшпес мұра болып қалған істерін тілге тиек етті.

– Нұртаза Атаұллаұлының болмысын тек атқарған қызметтерімен ғана сипаттау жеткіліксіз. Оның аза­­мат­тық келбеті, адамгершілік қасиет­тері мен өмірлік ұстанымдары да айрықша құрметке лайық. Оның өмір­лік ұстанымдарының бірі – адалдықты ту етіп, ешкімге қиянат жасамау, қол­дан келгенше елге пайда келтіру еді. «Қолыңнан келсе, еліңе пайдаң тисін, ал болмаса, ешкімге зияның тимесін» деген қағидасы оның адамдық болмысын айқын танытады. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтпайтын өмірлік өсиет. Сонымен қатар ел құрметіне бөленген азамат табиғатты аялауға, қоршаған ортаны көркейтуге ерекше мән берді. Ағаш отырғызып, оны күтіп-баптауды жақсы көрді. Оның қолымен егілген ағаштар бүгінде саясын ұсынып, жемісін беріп келеді. Бұл – адам өмірден өтсе де, өзі жасаған игі істерінің ел игілігіне қызмет ете беретінінің айқын көрінісі, – деді Е.Дәуітбекұлы.

Нұртаза Атаұллаұлының өмір жолы – туған жердің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, ел игілігі жолындағы адал еңбекпен өрілген тағылымды ғұмырдың көрінісі. Ол еңбек жолын инженер-гидротехник мамандығы бо­йын­ша бастап, кәсіби білімін ауыл шаруашылығы саласында шыңдады. Жер мен судың қадірін жете түсінген маман күріш өсіру бригадасын бас­қарып, диқан қауымының тынымсыз тіршілігі мен жауапты еңбегінің қыр-сырын меңгерді.

Ауыл шаруашылығындағы мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті оны ел басқару ісіне алып келді. Әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, туған өлкенің өркендеуіне өз үлесін қосты. Ақжарма ауылдық округінің әкімі болған кезеңде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына күш салса, Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласын басқарған жылдары аграрлық бағыттағы ма­ңызды жұмыстардың жүзеге асуына атсалысты. Сонымен қатар аудан әкімінің кеңесшісі қызметінде жүріп, елдік мәселелерге қатысты өз білімі мен өмірлік тәжірибесін ортаға салды. Қызмет жолындағы әрбір белес оның туған жерге деген жанашырлығын, ел алдындағы жауапкершілігін айқын­дай түсті. Қай міндетті де абыроймен атқаруды азаматтық парызы санаған ол кәсіби біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесін ел игілігіне жұмсауға ұмтылды. Еңбек жолының тағы бір кезеңі елордамен байланыс­ты. Астана қаласындағы ұлттық балаларды оңалту орталығында инженер-тех­ник болып қызмет атқарып, өз мамандығына деген адалдығын тағы бір мәрте танытты. Бұл оның еңбекке деген жауапкершілігі мен қай ортада болмасын өз ісіне ұқыптылықпен қарайтын қасиетін көрсетеді.
Еске алу кешінде зиялы қауым Нұғман Нұртазаұлы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Отбасының атынан жұбайы Дина Бекмұрат пен қызы Ақмоншақ Нұртаза және ұлы Әбдірахман Атабай сөз сөйлеп, іс-шараға жиналған қауымға ризашылығын жеткізді.
Іс-шарада ел құрметіне бөленген азаматтың өмір жолына ар­налған бейнеролик көрермен назарына ұсы­нылды.

Адам өмірінің мәні – атқарған қызметінің атағында ғана емес, артында қалдырған өнегелі ісі мен ел жадында сақталған жақсы есімінде. Нұртаза Атаұллаұлының еңбек жолы да осындай азаматтық ұстаным мен маңдай тердің, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның жүріп өткен жолы – кейінгі ұрпаққа тағылым боларлық өмір белестері.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 қараша 2026 ж. 29 0