Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына сәйкес 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленген. Осыған сәйкес, 2018 жылдан бастап Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйекте мерекеленіп келеді.
Тіл – ұлттың тірегі, рухани байлығы, өткені мен болашағы. Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры биік байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог, ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген. Бұл – тілден артық қазына жоқ екендігінің айғағы.
Ана тілі – халық жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына.
«Туған жерің – тұғырың, туған тілің –қыдырың» дейді халық даналығы. Сол айтқандай 5 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тілдері мерекесі күні. Бұл әрі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ел мүддесі жолында аянбай тер төккен арда азаматтың құрметіне орай осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен 5 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тілдері мерекесі күні деп белгіленді. Бұрын 22 қыркүйек еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі» деп атап көрсетті.
Ғалым, ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толды. Айтулы мереке республика бойынша аталып өтуде. Осы атаулы күнге орай 2 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапханада «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» атты мерекелік іс-шара болып өтті.
Тілден асқан байлық жоқ. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсем. Аудандық қоғамдық ұйым жанында 61 бастауыш ұйым болса, оның құрамында 3520 мүше бар. Бұрын 58 бастауыш ұйым болса, биыл жаңадан 3 ұйым қосылды. Олар негізінен жеке меншік балабақша ұжымдары. Осы орайда аудандық білім бөліміне қарасты мектептер және балабақшалар, ұжымдар мемлекеттік тілге айрықша ықылас танытып отырғанын атап өткім келеді. Бұл мекемелерде бұрыннан жұмыс тиісті деңгейде атқарылып жүр. Әр мектепте қазақ тілі бұрышы бар. Іс-шаралар тұрақты деңгейде өткізіліп отырады. Соңғы кезде аудандық аурухана, аудандық мәдениет бөліміне қарасты мекемелер, кітапхана, кент және ауыл әкімдіктері жанындағы бастауыш ұйымдарының жұмысы жанданып келе жатқаны қуантады. Шаруашылықтар арасынан Жеңісбек Сыздықов басқаратын «Шаған жер» ЖШС ұжымы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсенділікпен атсалысып келеді.
Тіл тазалығы қашан да басты мәнге ие. Жергілікті ұлт өкілдерінің саны 99,8 пайызды құрайтын Тереңөзек кентінде кейбір кәсіпкерлер жарнамаларын ресми тілде жазғанды өздеріне ар көрмейді. Дегенмен олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ресми тілде жазылған жарнамаларды алып тастауға ықпал етіп отырмыз. Бұл ретте аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев кәсіпкерлерге жағдай жасаумен қатар, олар отырған ғимараттарын таза, сәнді, талғамға сай безендірілуін талап етуі ресми тілде жазылған жарнамаларын алып тастауға мұрындық болды. Атап айтқанда мұның мемлекеттік тілге шапағаты тиіп отыр.
Аудандық филиалдың маңызды жұмысының бірі – тіл жанашырларын ынталандыру, қоғам жұмысына деген ынтасын ояту, белсенділігін арттыру екендігі белгілі. Осы орайда жыл басынан бері аудан мектептерімен, балабақшалармен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен, аудандық орталық кітапханамен бірлескен іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бізге аудандық «Тіршілік тынысы» газеті әркез ақпараттық қолдау көрсетуде.
Сөзімді қорытындылай келіп, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының сөзін келтірсем. «Тілдің көмегімен өнер-білімге, ғылымға, мәдениетке жетіп, әлемді танып, өзімізді әлемге танытамыз, сөйлесеміз, оқимыз, жазамыз. Өз басымызды, үй ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты меңгереміз. Сондықтан адам баласының байлығында тілден артық не бар? Тілден қасиетті не бар?» Шынында да солай емес пе?!
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық
филиалының төрағасы
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық
филиалының төрағасы