Аудан әкімінің Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтауы
Тіл - мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын бейнесі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың қазына байлығына балайды. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Сіздерді Қазақстан Республикасы халқы Тілдері күні мерекесімен құттықтаймын! Тіл мерекесі біз үшін және еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі, себебі тіл адамның қарым-қатынас, ойлану құралы, сондықтан ол – адамзаттың интеллектуалдық әлеуетінің қазынасы ретінде халықтың ең құнды байлығы.
Қазақ елі ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 30 жыл болды. Бұл адам өмірімен салыстырғанда бір ұрпақ мерзімі, тарих өлшемінде бір сәт. Осы уақытта еліміз өзге мемлекеттермен тұрақты қарым-қатынас орнатып, шекарасын анықтап, келелі жетістіктерге қол жеткізіп, қалыптасқан мемлекеттердің біріне айналды. Қазақ елі мен қазақ тілінің болашағының жарқын әрі кемелді болатынына, бүгінде, ешқандай күмән жоқ.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» - деген Ахмет Байтұрсынұлы.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі Ата Заңымызда нақты белгіленген.Тілге құрмет – елге құрмет» – деген қағидамен мемлекеттік тіліміздің көркейіп, мәртебесі мен мерейі арта берсін!
Ізгі ниетпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі.