Халықтың жаны, ұлттық болмысы
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі тіл – халықтың жаны, ұлттық болмысы.
Жер шарындағы кез келген мемлекеттің тілі, діні және ділі болатын болса, бүгінде кейбір ұлт өз ана тілінен айырылып жатқанын білеміз. Ал егемендігін берік сақтаған мемлекет үшін ана тілінің мәртебесі әркез асқақ.
Осы уақытқа дейін тіл мерекесі 22 қыркүйекте аталып келді. Ал өткен жылдан бастап «Қазақстан халқы тілдері күні» 5 қыркүйекке бекітілді. Тілдер мерекесі датасының өзгеруінің өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондықтан қазақстандықтар үшін атаулы мерекені осы күні атап өту маңызды.
Тілдер мерекесіне орай аудандық кітапханада апталық басталды. «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» тақырыбымен бастау алған кітап көрмесіне аудан тұрғындары қатысты. Ашық есік күні форматында өткен іс-шарада тіл тақырыбында жазылған кітаптар таныстырылып, олардың мазмұны түсіндірілді. Көрме жанында тұрғындар тілдің қадір-қасиеті жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, мереке қарсаңында «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» тақырыбымен тіл сайысы, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты тақырыптық кеш және өзге ұлт өкілдерімен «Тіл – татулық тірегі» фестивальдық сайысы өтетін болады.
Майя ҚОЖАБАЙ