Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Иттен ұялған бала

Иттен ұялған бала

Жазушы, ғалым, философия ғылым­дарының докторы Нұрдәулет Ақыш рес­публикалық «Мектеп», «Жалын», «Ба­­лауса» баспаларында, «Қазақ әде­­биеті», «Жұлдыз», «Қазақстан мұға­лімі», «Ха­лық кеңесі», «Заң газе­ті», «Дат» га­зет-журнал редакцияла­рын­да, Ы.Ал­тын­са­рин атындағы Қа­зақ білім академиясында қызмет атқар­ған. Ең алғашқы туындысы 1972 жы­лы «Ле­ниншіл жас» газетінде жария­­­­лан­ған. Кезекті «Ра­уан» балалар шы­­ғар­­ма­шылығы бетінде жазу­шы­ның кішкентай оқырмандарға ар­наған әңгі­ме­сін назар­ларыңызға ұсы­намыз.

Әкесі көзі шоқтай жайнаған тарғыл күшікті үйге жетектеп келген кезде Қуа­ныштың қуанышында шек болған жоқ. Бөр­кін аспанға атып, санын шапалақтап, бір шаттанып қалды. Қиялында ғана қолы жетіп жүрген көп арманының бірі үйде ит асырау еді. Қалада туып өскенімен, жан-жануарға үйір. Жолдастарының біразы ыңғайларына қарай балық, құс, үй қоян тәрізді әртүрлі тіршілік иелерін ұстап жүргендерін көргенде қызығып қалатын. Өткен жолы сыныптас до­сы Серіктің айтқанына елігіп, аквариумға салып балық та ұстап көрген. Жазғы демалыстан оралса, ол шіркіндер түгел өліп қа­лыпты. Оларға ренжуге болмайды. Үйде қарайтын адам жоқ. Күтімі келіспеген соң қы­рылудан басқа не амал бар?

Қуаныш қанша қыңқылдағанымен, папасы бір тәуір иттің ретін келтіре алмай жүр еді. Жұмысбасты адам, мұндай ұсақ-түйекке қолы да тие бермейді, қолы тисе, құнты жоқ. Құнтталған күні көңілге жағатындай тұқымы дұрыс ит баласы кезікпейді. Енді көптен күт­кен сол шаруаның орайы бүгін келіпті. Енді Қуаныш қуанбағанда кім қуанады?!

Еуропалық асыл тұқымды төбет – алты айлық күшік. Атын Таймас деп қойып жүрген әкесінің өзі. «Баяғыда менің жақсы көретін сондай бір итім болып еді» дейді.

Бос уақытын қайда жұмсарын білмей, әр нәрсеге ұрынып жүретін Қуанышқа ермек табылды. Сылап-сипап, түртіп ойнау­дан бір шаршамайды. Кейде лақтырған таяқты алып келуге жаттықтырып, әуреге түсіп жатады. Әзірше онысы нәтижесіз. Негізгі міндеті – Таймастың итаяғына күніне екі мәрте тамақ құйып тұру. Өзінің де бір итті иеленгеніне төбесі көкке жетердей болып қуанған бала бұл жұмысты алғашында ықыластана атқарды.

– Ол сенің ермегің ғана емес, бүкіл бір үйдің күзетшісі де ғой. Өзің білесің, кейде үйде ешкім де қалмайды. Сондайда қақпаны қоритын осы Таймас, – дейді әкесі.

Қуаныштар қала шетіндегі бөлек же­ке меншік үйде тұрады. Мұндай жерде бір иттің артық етпейтіні рас. Қақпаның қа­сына күрке жасап, Таймасты шынжырлап байлап қойғаны сондықтан. Құлағы ті­кі­рейген шығысеуропалық азулы овчарка тұқымы болғанымен, Таймас долылығы жоқ, заты жуас күшік. Көзін бір ашып, бір жұмып, үйшігінің алдында жатады да қояды. Қақпаның сыртындағы әр тықырға құлақ ті­гіп, көп елеңдемейді де.

Күшігін бағып-қағуға алғашында құл­шына кіріскен бала шамалы күннен соң ептеп салақси бастады. Иттің қызығы біртүрлі азайып қалған сияқты көрінді. Оның үстіне қыркүйек айы туып, жаңа оқу жылы да бас­талды. Екінші сыныптың оқуы оңай деп кім айтты? Таңертеңгісін сабақ оқып, түстен кейін ұзартылған күн тобында қалатын Қуа­ныштың да бос уақыты мүлде азайып еді. Мектептен шыққан соң жолда ойнап жүріп қалатыны тағы бар.

Бір күні ойыны әбден қанған бала үйге кештетіп келгенде сұлық жатқан Таймас орынан қыңсылай көтерілді. Қараса, ал­дындағы итаяғы жылан жалағандай тап-таза, иттің де іші қабысып тұр. Оның өзіне үміттене, дәмете көз тастағанын көріп, Қуа­ныштың екі беті ду ете түсті. Өзіне барлай қараған Таймастың көзқарасы кәдімгі адамдікі сияқты. «Мені аш қалдырғаның не, Қуаныш-ау? Міне, ішім шұрылдап тұр» дейтіндей. Үйге жүгіріп кірген бала тоңазыт­қышты жұлқа тартты...

Иттің де адам секілді ашығатынын, ашықса, көңіл-күйі түсіп, қиналатынын да сол жолы анық сезіп еді. Бұдан кейін ол итаяққа дер кезінде ас құйып тұруды құнттап-ақ жүрді. Бірақ адамды қара басайын десе, қиын ба? Ана жолғы қолайсыз оқиғаның ойда-жоқта тағы қайталанғаны...

Ойыннан қайтқан бала үйдің қақпасына таяй бергенде, шынжырын салдырлатып, Таймастың қыңсылағаны естілді. Есіне сол кезде барып бір-ақ сарт ете түскені емес пе, қырсық қылғанда тамақ құюды тағы да ұмытып кетіпті. Өткен жолғыдай үйге қарай тұра жүгірген. Асығып қалтасын қараса, есіктің кілті жоқ. Таңертең іште ұмытып кетіпті. Үйдің бұрышынан сығалай қарап еді, құлағын тікірейтіп алған ит бар назарын салып, селт етпестен осы жақты бағып тұр екен. Ана жолғыдай Қуаныш үйінен май жағылған нанды тағы алып шығар деп дәметкен сыңайы бар. Енді не істеу керек? Қалтасындағы қара бақырға дүкеннен жарты күлше сатып әкелгеннен басқа амал қай­сы?

Бірақ қақпадан шыға алмайды. Екі көзін салып бұны шыдамсыздана тосып тұрған Таймас бар ол жақта.

Құр қол беттеуге қайтіп дәті барсын. Көшеге шығу үшін басқадай жол да жоқ. Біраз дағдарып тұрғаннан кейін Қуаныш сырт­қа көрші үйдің ауласы арқылы шығып кеткенді жөн көрді.

Биік шарбаққа асылып, тәуекелмен қар­ғып кеткен баланың балағын шарбақтың сорайған ағашы іліп-ақ түскені. Ауланың түп жағынан сыпырғышын сүйреткен Ыдырыс атай келе жатыр екен.

– Шырағым, бұның не? – дейді ол та­ңырқап. Әншейінде тәртіпті баланың мына тосын қылығы атайға өрескелдеу көрінгені анық. Қуаныш жасырмай шынын айтты.

– Қақпадан шығуға... – деді міңгірлеп.

Мырс ете түскен атай да тақылдап қояр емес:

–Иә, иә, неге қақпадан шықпайсың?

– Ұялдым... – деп жауап қатты бала сәл­ден кейін тағы да күмілжіп.

– Кімнен ұялдың?.. Ұялдым дейді. Әкем-ау, ұялатындай кім бар еді ол жақта?

Бала жауап орнына қолын сілтеді:

– Та-таймастан...

Істің мәнісін сонда ғана түсінген атай мырс етіп күліп жіберді. Балаға жымия қа­рады да, үйінен ыдысқа құйып сорпа алып шықты.

– Иттен ұялсаң, ұятың бар екен, ұлым. Сол ұятыңды жоғалтпа, – деді атай.
11 маусым 2022 ж. 465 0