АЙМАҚТАН ШЫҚҚАН АКАДЕМИК
Тереңөзек топырағынан түлеп ұшқан талай таланттардың есімі тарих бетіне алтын әріптермен жазылғаны мәлім. Туған жер қасиетін бойына сіңіріп, үлкен белестерді бағындырған жандар ел игілігі жолында өлшеусіз еңбек етеді. Қашанда өз биігінен аласармаған дара тұлғалар кіңдік қаны тамған туған жерге тағзым етіп, қажыр-қайратымен көпшілік ықыласына бөленеді.
Біздің әңгімемізге арқау болып отырған тұлға білім мен ғылымның бел ортасында жүріп, қазақ елін әлем халқына танытып, зор жетістіктерге жеткен. Жастайынан есеп-қисапқа әуестегі, білімге деген құштарлығы, келешек физика-математика ғылымдарының докторы атануына бірден-бір себепкер болды. Ғылым көкжиегінде еркін құлаш сермеген Әбибулла Төреходжаев физика-математика саласының қыр-сырын меңгеріп, тоқтаусыз ізденістердің жемісін көрді.
Сыр перзенті алғаш мектеп бітіргеннен кейін Алматыға қоныс аударып, ҚазҰУ-дың түлегі атанады. Мұнда физика-математика мамандығы бойынша білім алады. Бұдан кейін КСРО Ғылым академиясының Механика проблемалары институтының аспирантурасын бітірген. 1959-1979 жылдары Қазақстан ғылым академиясының математика және механика институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. 1982-1984 жылдары КСРО ғылым академиясының Жер физикасы институтында доктарант атанды. Әбибулла Назарұлы сол уақытта Қазақ ұлттық техникалық университетінде, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Кейіннен ғалым Нью-Йорк ғылым академиясының академигі дәрежесіне көтерілді. Бар қиындықты еңсере білген академик 100-ден астам еңбектерді жарыққа шығарды.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының кіші бағдарламасы «Туған жерге итағзым» негізінде бұрнағы күні академик, физика-математика ғылымдарының докторы Әбибулла Төреходжаев өзі туып-өскен Тереңөзекке келіп, алғаш білі нәрімен сусындатқан мектепті аралады. Ол қазіргі аудандық мекемелер үйі. Сапар барысында академик №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасымен танысып, оқушылармен кездесті. Туған жерге тәу еткен ғалым алтын ұясы Тереңөзектің адам танымастай өзгергендігі жөнінде айта келіп, ел тізгенін ұстаған азаматтарға ризашылығын білдірді. Алыста жүріп, туған жерге орын алған жаңалықтарды естіп, қуанатындығын жеткізді.
– «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, кіреберістен-ақ кенттің көркіне сай екені көрініп тұр. Мен елден кеткелі қанша уақыт өтті. Сағынып елге келгенде алдымнан жалындаған жастар шықты. Кең, түзу көше жасыл желекпен көмкерілген. Сәнді үйлер, жарық та жайлы заманауи мектеп, – деп туған жердің төл перзенті ағынан жарылды. Сондай-ақ, академик оқушыларға өмір жолынан естелік-әңгімелерді қаузап, ғылым саласындағы тың мүмкіндіктерді тілге тиек етті. Білім саласының мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
Балтабай ОРДАБЕКОВ