Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » “Рентген” шал туралы хиқая

“Рентген” шал туралы хиқая


Қазір шалдардың беделі түскен заман ғой. Аузы дуалы ақсақал аз…

Ана жылы Ақтөбелік бір досымның Түрікменстанда тұратын нағашысы іздеп келді. Ана кісінің сөз саптасы, өзін-өзі ұстауы тіпті бөлек. Кесек сөйлейді, аңыз-әңгімелерді айтқанда көкнәрға елтіген кісідей еріксіз бас шұлғи бересің.

Кейін досым нағашысы туралы бір қызық әңгіме айтты. Сол тұста оның інісінің келіншегі төркініне кетіп қалған-тын. Кеткен келінді алып келу керек. Досым әкесі екеуі жолға жиналады. Келген қонақ, сөзі уәлі ақсақалға да қолқа салыпты.

— Құда-құдағилар бізді салқындау қарсы алды, — дейді досым. Әңгіме бастай беріп едік, құдамыз: — Баланың өзін тыңдайық!, — деп қысқа қайырды. Сол-ақ екен, келініміз есіктен аттады да: — Мен ол үйге бара алмаймын!, — деді бірден. Сосын бұрылып шығып жүре берді.

— Ал тұрайық, — деді нағашым. Машинаға келіп мінгесін, күйеу баласына дүрсе қоя берді: — Ай, мынаны қайдан тауып алдыңдар? Әкесі кім, шешесі кім? Қайдан шыққан адамдар?

— Енді… балалар өздері танысты ғой.., — деді әкем күмілжіп. Әке-шешесін құда түскен кезде бір-ақ көрдік. Түп-тамырын біле бермейміз…

— Сөз болғаныңа! Шал гүр ете қалды. — Уай, мен базарға барып, мал алсам да, әкесі кім, шешесі кім деп сұраймын. Сен адам алып отырсың ғой…

— Мейлі, енді. Әкем төмен қарап міңгірледі: «Құтырғаннан құтылған..» деген. Осымен құтылсақ та…

— Құтылмайсың! Шал саңқ ете қалды. — Анауың буаз (екіқабат немесе аяғы ауыр деген жоқ, буаз деді).

— Өй, олай деген жоқ сияқты еді ғой. Кемпір де, бала да айтқан жоқ…

— Буаз деймін! Көрмейсің бе…

Үйге келгесін інімнен сұрадым. Ол иығын көтерді. Шешеміз де ештеңе сезбепті.  Сосын «Үлкен кісі де айта береді-ау…» деп ойладым. Қызық сосын болды. Бірнеше айдан соң келінімізді әкесі әкеліп тастады.

Аяғы ауыр екен. Айы-күні жетіп, егіз тапты. Бірақ түбі ажырасып тынды. Бәрі де өткен-кеткен дүние ғой, тек ана ақсақалдың келіннің ішінде екі айлық бала бар екенін қалай білгеніне әлі таңғаламын. Бұрын көріп жүрген адамы болса, бірсәрі. Бір-ақ рет, онда да жарты минутқа жетер-жетпес уақытта…

…Ее, қазақ, өз қадіріңді өзің білмейтінің болмаса, сенен асқан халық жоқ-ау, жердің бетінде. Мына «Салт-дәстүр сөйлейді…» атты кітаптағы әңгімелердің біразын біз де тыңдап едік, сол әулие шалдардың аузынан.

Кейін ол жадымызда көмескі тартты. «Ай, аңғалдық, аңғалдық. Үстінде тұрып алтынның, Өзгенің күмісіне таңғалдық». Есенғали. Ана кісінің байқампаздығы да қанмен келген, атадан қалған дәстүрдің жұқанасы да…

Бауыржан Бабажанұлы
https://elana.kz/

27 қаңтар 2018 ж. 2 708 0