Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКЕ АРМАНЫ

ӘКЕ АРМАНЫ


Қай кезеңде болмасын асқар тау болған әке мен жанашыр ананың бар тілегі қолында өсіп, қызығын көрсеткен балаларының жетілгенін көру. Бар жақсылық соларға деп тырмысып еңбек етіп, қатарынан кем қылмаса ата-ана арманының орындалғаны. Нұртай мен Айттығыздың да таңның атысы, кештің батысы тыраштанып жүргені сол тұғын. Ұл-қызының ер жетіп, есейгеніне марқайсақ дейді. Сауатты болған Нұртай ауыл кітапханасында жүріп, жастардың білім алуына жол сілтеген, бағыт берген. Ал Айттығыз үлкеннің алдын кеспеген, ибалы жан. Қиын-қыстау шақта бір-біріне демеу жандар тағдырдың тәлкегіне ұшырап, шиттей бала-шағаны жетілдіру Айттығыздың бір өзіне қалды. Оған еш мойымаған ана барлығын да өсірді. Біреуден кем қылмаудың қамын жасады. Басқа түскен ауырпашылық Нұртайдан тарағандарды ерте есейтті.
Тағдыр салған теперіштен қыздардың бірі Күміс те еңбекке ерте араласты. Мектепте жақсы оқып, есейді. Бойжеткен соң техникумда арнайы курс оқып, Ленинградта тәжірибеден өтті. Содан соң аудандық баспаханада жүріп жұмыс жасайды. Осы шақта жүріп өзімен қатар, тағдырлас Маратқа тұрмысқа шығады. Ауыл баласын Күміс мектеп қабырғасынан біледі. Сәкен Сейфуллин мен Қызылдихан колхозының біріккен кезінде шаруашылық жұмысына қолғабыс ететін мектеп оқушылары бір күні Доспан Балжановтың үлкен алма бағына көмекке барған. Сол кезде қасынан шықпай, жәрдем етіп жүрген Маратпен достық байланыс бойжеткенде өмірлерін бір арнада тоғыстырды. Мараттың әкесі Ералхан Елікбаев химия, биологиядан сабақ берсе, анасы Орал өңірінің қызы Ағиба Әбуғалиева математикадан бала бойына білім дарытқан. Десе де, оның әкесі де өмірден ерте озып, қарындасы мен екі інісін жетілдіру үшін жастайынан жұмысқа жегілген. Анаға демеу болып, еңбек еткен.
Отбасын құрғаннан кейін Марат пен Күміс ұлды болды, 4 қыз дүниеге келді. Заманның ағымына қарай өздері білім аламыз деп жүргенде балалары есейіп, енді солардың оқып, білім алуына, армандарының орындалуына күш салайық деп шешті. Әке арманы жолын жалғар ұл мен қуаныш сыйлаған қыздарының жарқын болашағын көру еді. Солармен мақтанып, марқайып отыратын шақты аңсаған. Дегенмен, Марат ол күнге жете алмады. «Күміс, мен ризамын саған, менің еркелігімді көтеріп, бес перзент сыйладың, балалар арманының орындалғанын сен көр» деген өмірден өтерінде. Содан бергі 10 жыл уақытта балалар ер жетті, бой түзеді. Қалаған мамандықтарын игерді. Уәлихан жоғарғы оқу орнын бітіріп, қалаған мамандық иесі атанса, Жадыра аудандық байланыс саласында еңбек етуде. Гүлжайна да өмірден өз орнын тапқан. Кенже қыз Марина аудандағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептi үздік бітіріп, дәрігер болуды қалады. Сол арманмен С.Асфендияров атындағы медициналық университетті тәмамдап, резидентураны да оқып алды. Міне, барлығы қалаған мамандық иесі атанып, бүгінде еңбегінің жемісін көруде. Әке арманы орындалды деген осы болар...

Е.БЕРКІНБАЕВ

18 тамыз 2018 ж. 1 761 0