Жер қатынастарын цифрландырудың тиімділігі көп
Қазақстанның жер көлемі 2724,9 мың шаршы шақырымды құрап, жер көлемі жөнінен әлем бойынша үздік ондыққа кіреді. Сондықтан да біз қазақ жерін ұлан-байтақ деп әспеттейміз. Осы кең байтақ жерімізді ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, жайылымдар, шабындықтар және тағы да басқа бағыттарда қолданып, игілігін көріп келеміз. Бұл ретте бүгінгі таңда жер мәселесі өзекті болып тұрғанын ерекше атап өту керек. Осыған байланысты және аудандағы жер ресурстарын, жер қатынастарын реттейтін бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында бөлім басшысы Бағлан Мейрамбекұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бағлан Мейрамбекұлы, ең алдымен, 5 маусымда өтетін саяси реформаға қатысты сауалымызды қойсақ. Мемлекет басшысы ұсынған қонституциялық өзгерістердің ішінде «Елді басқаруға халықтың қатысуын арттыру» бағытында жер мәселесіне қатысты толықтырулар көзделген. Осыған тоқталып өтсеңіз?
– Әрине, жердің иесі қашанда халық. Жер біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізін қалайды. Сол себепті де Ел Президенті Қ.Тоқаев Ата Заңымызға енгізілетін түзетулерде осыған айрықша мән беріп, бұл мәселеге нүкте қою туралы шешім қабылдады. «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін» деген тармақтың жаңа редакцияда жазылуы осының айғағы болса керек. Референдумда ел тұрғындары осылай түзету енгізуге өздерінің таңдауын жасайтын болады. Конституцияның жерге және оның жер қойнауына меншік мәселесі жөніндегі бабының тұжырымын өзгерту болашақта әр түрлі оқылулар мәселесін шешеді. Сондай-ақ бұл жерде халықтық меншік құқығы бекітілген және ол дау туғызбайды немесе алыпсатарлық пен радикалды үндеулердің тақырыбы бола алмайды.
Халықтың жерге және оның жер қойнауына меншік құқығын мемлекеттің жүзеге асыруы – қалыпты процесс. Мемлекет жер қойнауын тиімді бөлу мен игеруді бақылауды қамтамасыз ететін басқарушы орган ретінде әрекет етеді. Мемлекеттің жерді және жер қойнауын басқаруы Қазақстан халқына әлеуметтік жәрдемақылар, тұрғын үй бағдарламалары, инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту бағдарламалары және т.б. түрінде игіліктер әкеледі. Және де ресурстарды өндіруден түсетін кірістер ел бюджетін толықтырады, оның мемлекет дамуына серпін беретіні сөзсіз.
– Еліміз цифрландырудың қарқынды кезеңінен өтуде. Оның ішінде жер қатынастары саласында да цифрландыру жұмыстарына басымдық берілген. Жақында ғана жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке тұру қызметі іске қосылды. Жаңа мемлекеттік қызмет жайын тарқатып берсеңіз?
– Иә, биылғы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның электронды үкімет порталында жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке тұру қызметі іске қосылды. Сол арқылы қазақстандықтар жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскесін алуға кезекке тұрып, оның қозғалысын онлайн бақылай алады. Жалпы бұған дейін тұрғын үй салуға арналған мемлекеттен берілетін жерді алу үшін тұрғындар жергілікті әкімдікке баруға тиіс болатын. Оның үстіне жер кезегінде нешінші болып тұрғанын білу де халыққа қиындық туғызып жататын. Міне, осы олқылықтарды болдырмау үшін еGov-порталында жаңа жүйе іске асырылды. Соның нәтижесінде азаматтар үйден шықпай-ақ бар ақпаратты көре алады. Сонымен қатар eGov.kz порталы арқылы кезектің жылжу барысын әр азамат өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзектендіруге мүмкіндігі бар. ҚР Жер Кодексінің 50-бабында көрсетілгендей, жер учаскелері ҚР азаматтарына жекеменшікке, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшiн 0,10 гектар (10 сотық) мөлшерде тегін беріледі. Жер учаскесі өзге жылжымайтын мүліктің барына қарамастан беріледі.
Жаңа жүйе бойынша әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады. Мұның тиімділігі таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер учаскесіне өтінім беруге болады. Және де оның жылжу барысын eGov.kz порталында өзі бақылап отырады. Бір айта кететіні, жекеменшік тұрғын үй салуға арналған жер учаскесін мегаполистерден алуға мүмкіндік жоқ.
Жаңа мемлекеттік қызмет бойынша әрбір тұрғын электронды үкімет арқылы бірнеше облыстан, бірнеше ауданнан жер учаскесін алуға тіркелуге болады. Мысалы, қызылордалық тұрғын кезегі келсе басқа облыстардан жер ала алады. Бұл жерде ең бірінші қай аймақтағы кезек бірінші келетіні маңызды рөл атқарады. Азаматтың кезегі келгенде өзге аймақтағы өтініштері автоматты түрде алынып тасталады. Кезек бойынша әр азаматқа тиесілі 10 сотық жер учаскесі тез арада беріледі деп нақты мерзімін ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі, біріншіден, өтініш берілген аймақта дайындалған жер санына және елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтардың болуына байланысты. Екіншіден, қордың жылдам толықтырылуына байланысты, яғни жер учаскесі су құбырлары, тоқ, газ, жол сияқты инфрақұрылым желісімен қамтамасыз етілуі керек. Үшіншіден, eGov.kz арқылы берілген өтінімнің кезегіне байланысты. Егер аймақта жер учаскесі сұранысқа ие болса, ұзағырақ күту қажет болады.
– Осы тұста, азаматтардың жеке меншігіне жер учаскесі қандай жағдайда берілетінін толықтырып өтсеңіз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, Заң бойынша әрбір азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы бойынша 0,1 гектар жер тиесілі және жылжымайтын мүлкі болған жағдайда жер учаскесін алу құқығынан айырылмайды. Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер учаскесін алған болса, екінші мәрте жер учаскесі берілмейді. Бұдан бөлек, «Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы 10 сотық жерді иелене ала ма?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Заң бойынша жер учаскесі отбасына емес, әрбір азаматқа беріледі. Яғни, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы 10 сотық жерден алуға мүмкіндігі бар. Азаматтардың жеке меншігіне жер учаскесі игерілген жағдайда өтеді. Жер учаскесін игеру дегеніміз, қарапайым тілде жер учаскесіне азаматтың үй құрылысын толық салып бітіруі деп түсіндіруге болады. Яғни, тұрғын үйді қолданысқа беру туралы актіге қол қойылған соң ғана азамат жердің иесі атанады. Толық жеке тұрғын үй құрылысы аяқталмайынша азамат жер учаскесінің иесі деп танылмайды және жерді сата алмайды.
– Сала жұмысында тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көп. Сол бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтсеңіз?
– Сала жұмысын цифрландырудың нәтижесінде бізде тиісті мемлекеттік қызметтер көрсетілуде. ҚР «Мемлекеттік қызмет көрсету» Заңына сәйкес биылғы жылдың 4 айында мемлекеттік қызмет стандарттары бойынша 1510 қызмет түрі көрсетілді. Оның қатарында «Жерге орналастыру жобаларын бекіту» бойынша 115, «Іздестіру жұмыстарына рұқсат беру» бойынша 1, «Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру» бойынша 3, «Сауда-саттықты талап етпейтін жер учаскелеріне құқықтар беру» бойынша 218, «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» бойынша 50, «Жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау» бойынша 2, «Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеуге сату» бойынша 10 және «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» бойынша (Тереңөзек кенті) 1111 мемлекеттік қызмет көрсеттік. Ал «Бүлінген жерлерді қалпына келтіру (рекультивация)» мен «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге» байланысты тұрындар тарапынан өтініштер түскен жоқ.
– Мемлекеттік қызмет көрсету барысын ақпараттандыруға қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Әрине, біздің тарапымыздан халыққа көрсетілген мемлекеттік қызметтерді тұрақты ақпараттандыру жүргізіледі. Атап айтақанда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылдың 1 қазандағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» №301 бұйрығы қабылданып, 2020 жылдың 30 қазанында күшіне енген болатын. Осыған орай өткен жылдың әр тоқсанында енгізілген өзгерістерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, енгізілген өзгерістер бойынша аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша мақала жарияланды. Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің және аудандық жер қатынастары бөлімінің ресми интернет ресурсында да жер қатынастары саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа ауыстырылуы және біршама енгізілген өзгерістер бойынша арнайы жазбалар жарияланды. Сонымен қатар сала бойынша енгізілген өзгерістерге қатысты арнайы «Зум» қосымшасы арқылы онлайн режимде кент және ауылдық округі әкімі аппараттарының жетекші мамандарына құқықтық оқулар оқытылып, қазіргі таңда халыққа электронды үкімет порталы арқылы сапалы қызмет көрсетілуде. Оған қоса, кент және ауылдық округі тұрғындарына «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша электронды үкімет порталы арқылы өтініш тастау туралы тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
– Мұнан өзге де атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен бөліссеңіз?
– Жалпы ауданымыздың жер қоры 4 260 635 гектарды құрайды. Оның ішінде ауданның негізгі әкімшілік аумағының көлемі 2 904 533 гектар болса, 1 356 102 гектарын Қарағанды облысы, Ұлытау ауданынан ұзақ мерзімді пайдалануға алынған жерлер қамтиды. Осы жер қорында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 419 474, елді мекен жерлері 5191, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер 158 692,6, орман қорының жері 481 711, су қорының жері 18 413 және босалқы жерлер 3 177 153,9 гектарды құрайды. Енді осы жерлерге қатысты бөлімге барлығы 134 өтініш түсіп, уақытылы жауап хаттар жолданды. Ал бөлім мен жер пайдаланушылар арасында барлығы 69 шарт жасалды. Оның ішінде жер учаскесін сатып алу-сату бойынша 5, жер учаскесін жалға беру шарттары бойынша 48 және жер учаскесін жалға беру шарттарына қосымша 17 шарт жасалып, тиісті қызметтер көрсетілді. Тағы да айта кететіні, бөлім тарапынан аудан әкімдігі қаулысымен жеке және заңды тұлғаларға жаңадан барлығы 38 жер учаскесі табысталды. Сонымен қатар биыл жалпы көлемі 7,785 гектарды құрайтын кадастрлық бағалау құны 3 188 500 теңге болатын үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін табысталатын 8 учаске бойынша ауданға қарасты елді мекен жерлерінен ҚР мемлекеттік реестрінде сауда-саттыққа (аукционға) шығарылды.
– Енді нысаналы мақсатта пайдаланылмай жатқан жерлерге көшсек. Бұған байланысты Мемлекет басшысы қатаң тапсырма жүктеді. Игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Осыған тоқталсаңыз?
– Иә, бұл бағытта да аудан әкімінің тапсырмасымен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жөнінде аудан әкімінің тиісті сала орынбасарымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, заңға сәйкес тиісті жұмыстар қолға алынған. Осы ретте, ауданда 2021 жылдың 1 қарашасындағы жер есебіне сәйкес, 264 360 гектарды құрайтын жайылымдық жер учаскелері жеке және заңды тұлғаларға, ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғам және басқа да мемлекеттік емес мекемелерге табысталған. Осы жерлерді нысаналы мақсатта пайдалану үшін аудандық жұмысшы топтың бастамасымен тиісті заңнама негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы 944 ескертпе хат таратылды. Нәтижесінде, 2021 жылы жалпы көлемі 4538,5 гектарды құрайтын 27 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылса, 2022 жылдың 3 айында (қаңтар, ақпан, наурыз) аудан бойынша жалпы көлемі 913,1 гектар құрайтын 9 учаске меншік иелерінің өз өтініштеріне сәйкес мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табуд
– Босалқы жерлерді пайдалануға қатысты да арнайы жұмыстар жүргізіледі. Ол жерлерді суландыру, ауыл шаруашылығы мақсатында айналымға енгізудің барысын айтып берсеңіз?
– Ауданның «Даму» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2022 жылы сауда-саттық (конкурс) арқылы жалпы көлемі 1319,4 гектарды құрайтын жер учаскесі ауданның босалқы жерлері санатынан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланды. Қазіргі таңда конкурс тәртібінде жер учаскелерін алу бойынша аудан тұрғындарының өтініштері қабылданып жатыр. Ал ауданның босалқы жері санатынан жыл басынан бері аудан әкімдігінің қаулысымен шалғайдағы мал шаруашылығы үшін 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жалпы көлемі 6000,1336 гектар жер учаскесі табысталды. Одан бөлек, аудан бойынша жалпы саны 404 суландыру қондырғыларының ішінде ауданның босалқы жері санатында 202, ауыл шаруашылығы жері санатында – 47, орман қорында – 35 және Ұлытау ауданы аумағында – 118 нақтыланды. Суландыру қондырғыларына жасалған түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 202 ұңғыма және шеген құдықтар ауданның босалқы жері санатында орналасқандығы және оның ішінде 89-ы жарамды екені анықталды. Осыған орай өткен жылдың аяғында 89 жарамды суландыру қондырғылары толығымен құжаттандырылды.
– Тағы бір көпшілікті толғандыратын мәселеге тоқталсақ. Бүгінде тұрғын жайларда заңсыз артық қоршалған жерлерге қатысты көптеген мәселелер бар. Осы бағыттағы жұмыстарды атап өтсеңіз?
– Иә, бұл мәселе аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде талқыланып, аудан әкімі нақты тапсырма жүктеді. Соған орай бөлім тарапынан аудан бойынша заңсыз артық қоршалған жерлерге түгендеу жүргізіліп, тұрғындарға заңдастырып алу жөнінде ескертпелер таратылды. Соның негізінде бірқатар елді мекен жерінде орналасқан жеке тұрғын үй құрылысы үшін және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін табысталған жер учаскелерінің сәйкестендіру құжатынан (гос.акт) артық қоршалып, заңсыз иемденген 562 жеке тұлға анықталды. Осы бойынша артық жерлер арнайы картаға түсіріліп, ауылдық округі әкімдіктеріне ҚР заңнамаларына сәйкес тиісті шара қабылдау үшін ұсыныстар берілді. Нәтижесінде, заңсыз қоршалған қоралар алынып, құжаттар рәсімделуде.
– Аудан көлемінде жер дауына қатысты мәселелер бар екені жасырын емес. Әсіресе, шаруашылықтарда даулар туындаған. Осыған байланысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Аудан көлемінде шаруашылық құрылымдарында жерге қатысты мәселелер бар. Осыған байланысты аудан әкімдігі жанынан арнайы заң талаптарын түсіндіру бағытында жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топ жер үлес иелерімен бірнеше мәрте кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда жер үлестерінің мәселесін шешу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл аудан әкімінің тікелей бақылауында тұр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ