Мұрат ЕРГЕШБАЕВ: «Игерілмеген жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылады»
Сырдария ауданы бойынша игерілмеген жер учаскелері Заң аясында мемлекет меншігіне кері қайтарылады. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеп, салалық орынбасарына, тиісті бөлім басшысына және кент, ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берді. Аудан басшысы тапсырманың орындалу мерзімін де нақтылап, бір ай уақыт жеткілікті екенін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, ауылдың сырт аймақтарындағы игерілмей, қараусыз қалған жерлерді Заңға сәйкес қайтару бойынша тиісті тапсырмалар берілген болатын. Бұл мәселе Мемлекет басшысының, облыс әкімінің тікелей бақылауында болғандықтан аса жауапкершілікті талап етеді. Бүгінгі күні жерді тиімді игеру – басты назарымызда. Осыған орай, аудандық жер қатынастары бөлімі және ауылдық округ әкімдері атқарған жұмыстары бойынша жеке-жеке хабарлама жасайтын болады, – деген аудан әкімі аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушының баяндамасын тыңдады.
Атап өту қажет, аудан әкімінің өкімімен аудан бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі аудандық жұмысшы тобы құрылған. Жалпы ауданның жер көлемі 2 904 533 гектарды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі – 419 474 гектар. Жеке және заңды тұлғаларға 22291 гектар егістік, 264 351 гектар жайылымдық, 20317 гектар шабындық және басқа да 112 515 гектар жер учаскелері табысталған.
– Қазіргі таңда жоғарыда аталған аудандық жұмысшы топтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Президентінің шағын кәсіпкерлерге тексерулер жүргізуге жарияланған мораторий талаптарын ескере отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің иелігіндегі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін өз еркімен мемлекет меншігіне қайтаруға және нысаналы мақсатына сәйкес мал басы санын тіркетіп, игеруге бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы ескерту хаттары таратылуда. Аудан бойынша барлығы 85 учаске (12133,2 гектар) бойынша меншік иелері атына мал басын тіркетіп, мақсаты бойынша пайдалануға кірісті. Биылғы жылы түгендеу жұмыстары барысында 165 гектарды құрайтын 3 жер учаскесі меншік иесінің өз өтінішіне сәйкес мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек 349 гектар 6 учаске жер пайдаланушылар тарапынан мемлекет меншігіне (9 учаске 514 гектар) қайтарылды, – деген бөлім басшысының міндетін атқарушы Бағлан Мейрамбекұлы жер учаскелерін мемлекет меншігіне кері қайтару жұмыстарына салғырт қараған ауыл әкімдерін атап өтті.
Мәжілісте аудан басшысы аталған мәселе бойынша А.Тоқмағамбетов, Аманкелді, Бесарық, Іңкәрдария, Қалжан ахун, Айдарлы, Шаған ауылдық округ әкімдерінің хабарламаларын тыңдады. Салалық орынбасары Ғ.Еркебайға игерілмеген жер учаскелерінің тізімін қалыптастырып, бір айдың ішінде игерілмеген жерлерді Заң аясында мемлекет меншігіне кері қайтару жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.