Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыспалы егіс өнімділікті арттырады

Ауыспалы егіс өнімділікті арттырады

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың төрағалығымен «Агроөнеркәсіп­тік кешенін дамыту, күзгі егін жинау және келер жылғы егін егу, су шаруашылығының жағдайы, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жұмыстарды жандандыру» тақырыбында мәжіліс өтті. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Бақытжан Дүйсембеков және тиісті бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен шаруашылық төрағалары қатысты.
Мәжілісте аудан әкімі биылғы егілген егін көлеміне тоқталып, есепті кезеңдегі жұмыстарды атады.
– Бүгінгі күнге егілген бидай, мақсары, арпа, мал азықтық дақылдар жиналып болды және негізгі дақыл күрішті жинау жұмыстары жүргізілуде. Күріштің 20925 (99%) гектары орылып, 19202 (90,9%) гектары бастырылды. Орта өнімі гектарына 60 центнерден келуде және биылғы жылдың өнімі былтырғы жылдан кем болмауы күтілуде. Биылғы жылы маусымдық кезеңде Сырдария өзенінде су аз болатындығы ескеріліп, аудан бо­йынша күріш дақылының 541 гектары қысқартылып, 21126 гектарға егілді, – деді аудан басшысы.
Аудандағы күзгі егін жинау барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров хабарлама жасады. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары маусымдық кезеңде Сырдария өзеніне келіп түсетін су мөлшері аз болған жағдайда егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін іс-шара жоспары бекітілгенін айтты. Сол бойынша жұмысшы топ құрылып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына су сорғыларды (насостар) дайындауды, ішкі шаруашылық каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді, күріш дақылын биік жерлерге орналастырмауды және суды аз қажет ететін дақылдарды орналастыру жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Биылдың егістік жұмыстарына қажетті тыңайтқыштар, жанар-жағар май уақытылы жеткізілген. Осы жылдың есепті кезеңінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 687 млн теңгеге 18 дана, бұдан басқа өз қаржыларының есебінен 646 млн теңгеге 38 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бүгінде егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан аудан әкімінің орынбасары биыл да сырдариялық диқандардың мерейі үстем болатынына сенім білдірді.
Жиында ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Ш.Қойшыбаев «Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер (субсидия)» туралы айтты. Басқарма бас­шысы қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласындағы Үкімет тарапынан берілетін субсидиялау ережелеріне сәйкес тұқым, тыңайтқыш, гербицид, су беру қызметтері бойынша шаруашылық құрылымдары өті­німдерін «Qoldau.kz» веб-порталы арқы­лы көрсетілуде екенін жеткізді.
Сондай-ақ, мәжілісте «Күріш ауыспалы егістіктің сақталу тәртібі» жөнінде «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шар­уа­шылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Б.Дүйсембеков сөз алып, осыған мән беру керектігіне тоқталды. Яғни, биылғы жылы судың аз келуінің егістікке кері әсері болды. Сондықтан алдағы уақытта суды аз қажет ететін дақылдарды егуді қолға алу қажет. Оның ішінде, жүгері, соя, қияр, қарбыз секілді дақылдар күрішке қарағанда бірнеше есе пайда түсіреді. Серіктестік директоры негізгі дақыл күріш егу қолданыстан қалмайтынын, алайда көлемін қысқартып, сол жерлерге аталған дақылдарды еккенде жұмыс жандана түсетінін жеткізді. Сонымен қатар, Бақытжан Әлішерұлы шаруашылықтардың ет бағытында жұмыс жасауына мүмкіндік мол екенін атап көрсетті. Ауданда «Шаған Жер» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы бар. Соның жұмысын жандандырса, облыс орталығын, ауданды етпен қамтуға болатынын тілге тиек етті. Сөзінің қорытындысында серіктестік директоры алдағы уақыттарда шаруашылықтар ауыс­палы егіске бәрібір келетінін, оны қазірден бастау қажеттілігін айтты.
Мәжілісте Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясының басшысы С.Нұрымбетов алдағы жылғы су шар­уашылығының жағдайына тоқталып өтті. Сырдария өзеніндегі су көлеміне қатысты Орта Азия елдері арасында жыл сайын екі рет кездесу өткізіледі. Алдағы кез­десу қараша айына жоспарланған. Соның нәтижесі бойынша келер жылдың су көлемі белгілі болмақ.
Жиын барысында мамандар алдағы жылдарда су көлемі азая беретінін атап, шаруашылықтардың осы бастан ауыс­палы егістікке қамдануын айтты. Аудан әкімі Т.Дүйсебаев ауданның шаруашылық төрағаларына келер жылдан бастап осы бағытта жұмыс жасау қажеттілігіне баса назар аударды. Өз кезегінде шаруашылық төрағалары да өздерінің пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Е.БЕРКІНБАЕВ
10 қазан 2020 ж. 1 198 0