Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің отбасы күнімен құттықтауы

Аудан әкімінің отбасы күнімен құттықтауы

Құрметті сырдариялықтар!
Сіздерді халықаралық отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. Бұл талайды қанаттандырып, талай адамға алтын бесік болған киелі шаңырақ.
«Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, жанұя – мемлекеттің тірегі. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болса, мемлекетіміз мықты болады.
Дана халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейтін ұлағатты сөз бар. Әрқашан отбасы институтының ең басты міндеті – салауатты ұрпақ тәрбиелеу, аға буынның үлгі-өнегесі мен жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Осыған орай, ата-ана баланы адал, қайырымды, ел мен жерге қызмет ететін отансүйгіш, білімді әрі еңбекқор етіп тәрбиелеу керек. Әрбір ата-ана өз отбасының болашағына және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.
Қадірлі жерлестер!
Әлемді жайлаған қауіпті індет бір-бірімізге, жақындарымызға жанашыр болудың қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Жұқпалы кеселге қарсы тұру үшін жанұяда жылулық болып, бір-біріне демеу көрсетуі аса қажет. Сонда ғана адам кез келген қиындықты жеңіп шығады.
Қазіргі күрделі кезеңде отбасымызға ерекше көңіл бөліп, бұл шақты ел болып еңсеріп шығайық.
Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, құт-береке тілеймін!

Құрметпен,
Талғат Дүйсебаев,
Сырдария ауданының әкімі
15 мамыр 2021 ж. 3 096 0