Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Абай өлеңдерін оқу рух береді»

«Абай өлеңдерін оқу рух береді»

Мектеп – баланың бойын­дағы дарын мен талант отын тұтатып, қай салаға икем­ді болса сол жаққа қарай бейімдейтін орта. Бала мектеп қабырғасында тұлға болып қалыптасудың алғашқы сатыларынан өтіп, өзінің болашақ мамандығы мен кәсібіне ба­ғыт­тала бастайды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Отарбаеваның қолдауымен шығарма­шылығы мен шабытын шыңдап жүрген дарынды оқушының бірі – Жания Аманбекова. Ол Абай Құнанбайұлының 50 өлеңі мен қара сөздерін мүдірмей, жатқа оқиды. Өз сөзінше, ұлы ақынның өлеңін жаттау, мәнерлеп оқу оған шабыт пен ерекше рух береді.

– Мектебімізде талантты оқушылар жетерлік. Дегенмен, көптің арасында бейімділігі ерек оқушылар болады. Солардың бірі – Жания. Ол әдебиет пәніне ерекше ықыласты. Көркем шығармаларды, әсіресе, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп, жатқа оқығанды жаны сүйеді, – дейді пән мұғалімі Маржан Отарбаева.

Жания биыл аудан орталығындағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің 9-сыныбын Үздік аттестатпен аяқтап, 10-сыныпқа аяқ басқан. Отбасындағы бес баланың төртіншісі Жанияның бойына мұндай ерекше қасиет атасы Аманбек пен әжесі Рәзиядан тараған. Қара сөзді кие тұтып, шығармашылық шабыты шыңдалып келе жатқан өнерпаз бұл күнде түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлделі орындар алған. Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған байқаудан, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Кент мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Өнер алды – қызыл тіл» атты Абай оқулары байқауынан, кент жастары арасындағы «Үздік көркемсөз оқу шебері» байқауынан, «Үздік Абайтанушы» зияткерлік сайысынан оза шауып, үздік атанып, арнайы алғыс хаттармен марапатталған. Бұдан бөлек, пәндік олимпиадалар мен көркемсөз оқу сайыстарынан жүлделі орындар иеленіп жүр. Жанияның ең үлкен жетістіктерінің бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ел үміті» жобасы аясындағы «Елбасы медалін» иеленуі. Өткен оқу жылын табысты әрі үздік аяқтаған өнерпаз қыз – ата-анасының мақтанышы.

– Әр адам өз елінің, ұлтының патриоты болуға міндетті деп ойлаймын. Ал ақын өлеңдерін жатқа оқу маған шабыт сыйлайды. Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны. Оның өлеңдерін судыратып, жай оқи салуға болмайды. Қара сөздеріндегі пәлсапаны түсіну оңай емес. Құр жаттауды емес, іздене оқуды, түсінуді қажет етеді, – дейді Жания Асылбекқызы.

Ата-анасының үкілеген үміті, шығармашылыққа жаны жақын дарынды қыз өзі де өлең шумақтарын жазуға бейімделіп жүр. Жанынан шыққан өлең сөзін бәйгеге қосып, мүшәйраларда бақ сынап келеді.

Жанияны шығармашылыққа бейімдеп жүрген ұстазы Маржан Шакизадақызы дарынды, талапты жастардың егемен елдің жарқын болашағы екенін айтады.

– Оқушылардың шығармашылығын, қызығушылығын дамыта отырып ғылым мен білімге бейімдеу, ізденімпаз, патриот азамат етіп шығару – әрбір ұстаздың міндеті. Себебі бала болашағының алғашқы іргетасы мектепте қаланады, – дейді ол.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

10 тамыз 2021 ж. 330 0