Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердің төбе биі

Туған жердің төбе биі

Мен өз өмірімде алға бастайтын аға, жолға тастамай­тын дос тапқанымды бақыт санадым. Айналамызда жақ­сы адамдар жетеді, тек көре білу керек. Олар бізге әр­қашан демеу, әмәнда тілекші.

1999-2004 жылдары маған Сырдария ауданын басқару міндеті жүктелді. Осы уақытта ерек ойлы, ерен бейнелі, жырғап сөз, құрғақ ақыл айтудан ада, дұрысыңды құптап, бұрысыңды нықтап жүретін Сейітмұрат Ембергенов, Рүстем Садықов, Абызбай Маханбетов, Мырзабек Оразаев, Ыбырай Сейпулов, Зинабдин Лекеров, Уәлибек Әбдуов т.б. тамаша ағалар шоғырын жолықтырдым. Солардың бірі де бірегейі, күллі өмірін туған жерін түлетуге сарп еткен еңбек ардагері Ширек Ысқақов болды.

Әңгімеміз осы бір асыл адам жайлы болғандықтан оның өмір жолына бір шолу жасап өткеніміз жөн шығар. Ширек ағамыз 1937 жылы дүниеге келген. Әкесі атын кітап ашып, Шериаз­дан деп қойыпты. Пайғамбарымыз «Пер­зенттеріңді көркем есіммен атаң­дар» деген екен. Себебі адамның тағ­ды­ры да сол есіміне қатысты өрбісе керек. «Шер» деген сөз – «арыстан», ал оның екінші буыны «құдірет» мағынасын береді дейді білімділер. Ағамыз өз өмі­рінде арыс­тандай азамат дәрежесіне көтеріліп, еңбеккер құдіретін танытқан адам бола білді. Кішкентай баланың атын қысқартып айтатын дәстүрмен жасынан Ширек болып аталып кеткен.


Әкесі соғыстан оралмайды, анасы жетектеп жүріп ер жеткізеді. Бала Ширек ерте есейіп, ересектермен қатар ең­бек қамытына жегіледі. Мектепте жақ­­­­­сы оқығандықтан «Ақжарма» кол­хо­­зының кітапханашысы болады. Кітап­ха­нашылық қызметін атқара жүріп, кол­хоздың қоғамдық жұмысына белсене араласады. Ұйымдастыру қабілеті, ақи­қат­шылдығы тұрғысында көзге түсіп, ауыл ком­сомолдарының жетекшісі болып сайланады.


1964 жылы жастар жетекшісі Ширек Ысқақов атақты диқан Ыбырай Жа­қаевтың баспасөз бетінде жария­ланған «Жас ұрпаққа сәлем хат» деп аталатын шақыруына үн қосып, күрішші бо­луға бел буады. Өзін қандай іске салса да, бойындағы күш-жігерін сарқа тө­гетін жас күрішші алғашқы жылы-ақ жауапкершілігіне бекітілген 25 гектар кү­ріштікті күтіп-баптап, әр гектардан 39 центнерден өнім түсіреді. Сөйтіп, облыс бойынша жас күрішшілердің арасында чемпион болады. Ал келесі жылы егіс тәсілін алған күрішші табысын еселей түседі. Ол орындаған көтеріңкі көр­сеткіштер баршаға еңбек үлгісін танытады. Осылайша, өзара күріш өсіру бәсе­­­кесінде алдына орақ оздырмай, 1966 жылы жастар арасында рекордтық көр­­­сеткішке қол жеткізеді. Күріштің әр гектарынан 67 центнерден ақ маржан жи­найды. Жақаевтың ең жүйрік ізба­­са­ры атанған Ширек Ысқақов осы еңбегі үшін кеңестік дәуірдің жоғары марапаты «Ленин» орденін омырауға тағады. Бұл Қызылорда облысында ғана емес, сол кезде Қазақстан бойынша үлкен жа­ңалық саналған. Өйткені, кеу­­­де­­­сінде к
өсем бейнесі жарқыраған күріш­­­шінің жасы бұл уақытта отызға да толмаған еді.

Осыдан соң Ширек Ысқақов күріш­­шілер бригадирі болып, осы қызметін 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға де­йін 27 жыл атқарады. Жоспарлы экономика жолымен жүрген кеңестік кезеңнің жақсы дәстүрінің бірі еңбек адамының мәртебесін бірінші орынға қоятын. Сон­дықтан егіс шаруашылығындағы ше­шу­ші тұлға саналған бригадир Ширек Ыс­қақов ағамыз «Ленин» орденінен бас­қа «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ор­дендерімен марапатталды. «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сі­­ңірген қызметкері» атанды. Көп жыл парт­­ком, партбюро мүшесі, жергілікті ке­ңес депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болды. Кейінірек «Сырдария ауданының Құр­мет­ті азаматы» атағы берілді.


Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Ол қоғамдық жұмыста он үш жыл бойы белсене еңбек етеді. Ме­нің ағаны, ағаның мені жақсы танып, жақын тартқан кезеңдер – осы уақыт.


Ширек ағаға ауылдық ақсақалдар­дың жетекшісі деген атты қомсынатыным да шын еді. Ол кісіні «Төбе би» десе жарасатындай. Жұрт ағаның сөзін ұйып тың­дайды. Даусын көтермейді, сөзі­нің мән-мазмұнын көтереді. Елдің ауыз­бірлігіне ұйытқы, жоғына жанашыр, барына баташыл. Қыдыр атаның табаны тиген тақыр жерге де көк шөп шығады екен. «Жүрген жеріне шөп шықпайды» деген назалы сөздің төркіні сол жақтан. Ширек аға бір топ ақсақалды бастап келе жатса, онда ол жердегі шиеленісіп қалған жіп шешілетін, жұрт арқасын кеңге салатын. Біздің де әкімшіліктегі бастамаларымызды қолдап, жол тілеп отырды. Біз содан қуат алдық, бағы­тымызды айқындадық. Сондай саналы, келелі кеңестерімен ауыл жастарына тәр­бие көрсетті, өнеге үй­ретті.


Менің әкем Битілеу ақсақал – соңына өмірден көрген-түйгенін, көп ғибратты сөздерін жазып қалдырған кісі. Әкем сол жазуының бірінде: «Өзгелерге өкпе арта бергенше, өткен-кеткен тарихымыздың өнегелі жақтарын жастарға жеткізіп, асыл қасиеттерін саналарына сіңіру жол­­дарын қарастырсақ – бізге лайығы сол болмақ» депті. Дәл осы сөздің кө­рінісі Ширек ағаның бойында атойлап тұратын. Ол біреуді даттамайды, сыртынан сөз жүгіртпейді, тірлікті түзеп, бір­лікті бекемдеп жүреді. Бұл ағамыздың кейінгі жастарға бұрынғылардың қасиет­терін бұзбай жеткізіп, болмысымен ұстаз болғаны анық.


2004 жылы Сырдария ауданы әкімі қызметінен Қызылордаға ауыстым. Қа­ла­­лық жер қатынастары басқар­ма­сын­да басшы болдым. Сол уақытта, бір күні Ширек аға жанына Оразбай деген ауыл ақсақалын ертіп, менің жұмыс орныма келді. Тосын келіске қуандым, таң­ғалысым да бар еді. Бәлкім, бір бұйым­тайы бар шығар дегенмін. Сонда аға тек сәлем беруге, бір жүздесіп кетуге кел­генін айтты.


Мұнан кейін одан жоғарырақ қыз­мет­ке бардым. Аға тағы да келді. Тағы да сол, сәлем беруден басқа жұмысы жоқ екенін айтты. Ширек ағаның мені іздеп келуі жаңа бастаған қызметтегі көңіл-күйіме серпін берді. «Ел ағасы болсаң осындай бол» деп, көп уақыт алғаусыз сезімнен арыла алмай жүрдім. Ауданға жасаған азғантай еңбегімді ұмытпай, азаматтығыма берген бағасы деп білдім. Бүкіл ел сыйлаған ардақты адамның ойын­да одан басқа есеп жоқ екені де анық болатын.


Жақында Ширек ағаға сәлем берейік деп Алшынбаев Сейітқали ініміз екеуміз Ақжармаға арнайы бардық. Жолымызды екі жыл күллі елге келген кеселдің кесірі кес-кестеді. Енді ағаларымызды іздеп, сәлем берудің сәті түсті. Басқа жұ­­мысымыз жоқ деп, ақсақалдың риза­шылығын алдық.


Үйден ұзап шыға алмай қалыпты. Өң-жүзіндегі өнеге өрнегі қалыңдай түсіпті. Алайда көзіндегі мейірім мен қолының ыстық табы сол баяғы күйі...


Әріп ҚОЖБАНОВ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
14 мамыр 2022 ж. 1 090 0