Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Боз кілемде балуандар күш сынады

Боз кілемде балуандар күш сынады

Аудандық спорт кешенінде елге еңбегі сіңген, ауданның құрметті азаматы Расул Есеновтің есімін ұлықтауға арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсі­мін­де аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысу­­шыларға сәттілік тіледі. Расул Әбутәліпұлының өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қосқан зор үлесін, елге жасаған еңбегін атап өтіп, тур­нирдің жастарды спортқа баулудағы және ұлттық рухты көтерудегі маңызына тоқталды.

– Расул Әбутәліпұлы – облыс эконо­микасының, оның ішінде Сырдария ау­даны­ның дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан ардақты азамат. Ол өңірде кәсіпкерлік саласында «Углесбыт» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігін құрып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық да­муы­­на елеулі үлес қосып, белгілі меценат атанды.

Ардақты азамат елдің үлкен-кіші­сімен етене араласып, ауданға белсене еңбек етті. Елге қызмет атқарған жылдарда Сырдария ауданында көптеген құрылыс жұмысының жүргізілуіне, балалар ойын алаңдарының және тұрғын үйлердің салынуына, Тереңөзек кенті мен ауылдардың көркеюіне атсалысты.

Расул Есенов 4, 5 шақырылған Сырдария аудандық мәслихатының, 6, 7 шақырылған Қызылорда облыстық мәс­лихатының депутаты, Қызылорда облыс­тық мәслихатының Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөнін­дегі тұрақты комиссияның мүшесі болды. Халық қалаулысы ретінде облыс­тың, ауданның дамуына бар күш-жігерін жұмсады. Ел мүддесін жоғары қойып, туған өлкенің өркендеуіне аянбай еңбек етті.

Халқымызда «Жақсының аты, ғалым­ның хаты өшпейді» деген қанатты сөз бар. Сондықтан ел қадірлеген азаматтың жарқын істері әркез жаңғырып тұрады, Расул Есеновтің есімі ұмытылмайды.

Ардақты азаматтың есімін дәріптеу мақсатындағы биыл үшінші рет өткізіліп жатқан республикалық жарысқа қаты­сушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.

Қазақ күресі – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы. Ұлтымыздың жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі, жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде, оның ішінде біздің ауданда республикалық турнирдің өтуі ұлттық спорттың деңгейін арттыра түсті.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен бір­неше команда қатысып, жас балуандар өзара бақ сынады. Белдесу 38, 42, 46, 50, 55, 60, 65, 70, 75 және +75 келі салмақ дәрежесінде және Қазақстан Рес­публикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынық­тыру істері комитеті мен «Qazaq kuresi» қауымдастығы бекіткен ережеге сәйкес өткізілді.

Әр команда өз аймағының намысын қорғап, көрермендер тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Жарыстың қоры­тындысында жеңімпаздар мен жүлде­герлер медальмен, дипломмен және кубокпен марапатталды.


Айту керек, Расул Әбутәліпұлы жомарт жан ретінде қайырымдылық іс-шараларға қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмек қолын созды. Оның жүріп өткен жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалады.

«Тт» ақпарат

04 қараша 2025 ж. 256 0