Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Немерем мұсылман болды»

«Немерем мұсылман болды»

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Бұл ұлт ұлылары айтқан тағылымы мол сөз. Расында да дұрыс сөйлеп, ойды дұрыс жеткізе білу – ұлттық құндылығымыз болып саналатын ана тілімізді ардақтаудың кепілі. Бірақ, осынау жауапты іске қоғам мүшелерінің басым көпшілігі жүрдім-бардым қарайды.

Жақында жасы бізден едәуір үлкен әріптес ағамызды жолықтырдым. Ол атқарып жатқан жұмыстарын айта келе, отбасындағы жаңалықтарымен бөлісті. Әңгіме барысында ағамыз «Немерем мұсылман болды» деді. Сол-ақ екен мен үлкен ойға қалдым. Сосын «Немереңіз бұрын мұсылман емес пе еді?» деп сұрадым. Менің сұрағымнан кейін айтқан сөзінің астарына үңіліп, әріптес ағамыз ойланып қалды.

Ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізге сүйенсек, нәресте дүниеге келгенде әкесі мұсылман болса, ол да мұсылман болып туады екен. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у): «Күллі сәби мұсылман болып туады» деген хадисі де бар. Ал бүлдіршіннің сүндеттелуі оның мұсылман болуы емес, мұсылмандық міндеттерінің бірін орындауы деп қабылдауымыз қажет. Сондықтан қандай да бір адам ұлының, немересінің сүндеттелгені жөнінде ақпаратты айтарда, «мұсылман болды» деп емес, «мұсылмандық міндетті орындадық» деп айтуы қажет. Сонда сөз тазалығы, тіл тазалығы сақталады.

Әр сөздің мәні мен мағынасы, айтылу реті бар дейтін болсақ, кейбіреулер «ұлымды піштірдім» деген сөзді қолданып жүргенін жасыра алмаймыз. Ал енді адам піштіріледі ме? Жо-жоқ, адам піштірілмейді, мал піштіріледі. Ал адам сүндеттеледі. Өзім тойларда жиналған қауымға бұл сөздің қате екенін айтып та жүремін.

Қазір той-томалақты әулеттің үлкені емес, тілі шұрайлы жастар басқарады. Олардың ішінде халықтың салт-дәстүрін, тарихын, шежіресін білмейтіндер көп. Біздіңше, той жүргізушілер көпшілікке арналып айтылатын әр сөзге ерекше мән беруі керек. Өйткені қазақтың сөзі жай ғана сөз емес, біздің тарихымыз бен шежіреміз. Ал, Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ

07 тамыз 2021 ж. 591 0