Жан дүниесі жақсылықтан жаралған
Осы өмірде әркімге де жүздеген адаммен жақын сыйластық бұйырады, мыңдаған кісімен бір дастарханнан дәм тату нәсіп болады. Солардың бәрі туралы неге ағытылып ақ сөйлеп, қимас сезімге беріле алмаймыз? Себебі, адамдар әртүрлі. Олардың көбі ұмытылады, біразы ойыңда жүреді, ал енді бірқатары көңіл көкжиегінен кетпейді. Өткен күндеріңді еске түсіргенде алдыңнан құшақ жайып солар шығады. Сана патшалығының алтын тағын иеленген сондай адамдар менің өмірімде де аз кездескен жоқ. Солардың бірі – сыйлы заты, ардақты аты облыс тарихына таңбаланған тұлға, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ұлағатты ұстаз, абзал аға Абызбай Маханбет.
Мүлкілән, Асанас әулие, Қалжан ахун, Құлболды ишан сияқты алыптар шарапаты қалған қасиетті Тереңөзек топырағында дүниеге келген Абызбай аға Қызылорда пединститутынан білім алған. Өзбекстандағы Бұқара облысының Кенимех ауданында, 1956-1963 жылдары өз аймағымыздың Тереңөзек ауданындағы бірнеше мектепте мұғалім болып еңбек еткен. Мұнан соң партия жұмысына ауысып, аудандық партия комитеті бөлімдерінде, аудандық газетте редактор болып қызмет істеді.
Біз ағаның қызмет сатыларын түгендеуді мақсат етпейміз. Айтпағымыз, асыл жанның өмірдегі өзгеше бейнесі туралы болмақ.
1973 жылы Абызбай ағаның атына Өзбекстандағы Жайлаубай Полатбеков деген шәкіртінен хат келіпті. «Әбеке, біз үшін Сіздің ағалық ақылыңыздың аз жұмсалмағанын бәріміз де білеміз. «Маханбетовтың мектебінен шыққанбыз» деп өзіңізді мақтан етеміз. Әбеке! Партиялық басшылық, саяси қайраткерлік абыройлы да жауапты іс қой. Бірақ, Сіздің қолыңыздан «ұстаздық дастандар» туса керек еді», – депті бұл хатта. Ол Абызбай ағамыздың ұстаздықтан қол үзіп, партиялық жұмыс атқарып жүрген кезі. Ұстаздың өзбекстандық шәкірттері осы мәселеге мән бойлатып, Абызбай ағаның жүрегімен, ділімен ұстаз екенін, шәкірт үшін қайталанбас тұлға екенін жазып отыр.
Бұл кісі – бабаларымыздың кеңпейілдігін жоғалтпаған, қандай ортада болсын жұрттың еңсесін көтеріп, жан байлығын еселейтін таным-тағылымы терең, жұмсақ сөзді, сабырлы, нағыз ұстазға тән қасиеттерді бойына тоқыған жан. Өзінің сол біртұтас болмысымен адамды баурап алатын, күлімсіреп құшақ жайып, ойын бүкпесіз айтатын. Оның осы жылылығынан бойына қуат тараған адам қасынан кеткісі келмейтін. Сондай бір сәттерді өз басымнан кешкесін айтып отырмын.
Ол кісімен ағалық-інілік сыйластықта болдық. Шежіре-тарихқа жетік, әңгімесін мақал-мәтелмен әдіптеп, бояуын қанықтырып, айызыңды қандырып, асықпай айтатын. Сөзін тыңдаушысына майдан қыл суырғандай шеберлікпен жеткізе білетін.
Аудан көлемінде ізгілікті іс бастаушыларға, сапарға шығушыларға, қонақ болып түскен ел ағаларына ақ бата беру де осы кісілердің жолы. Бата беру – қашаннан қалыптасып келе жатқан елдің елдігін, үлкендердің үлгісін насихаттайтын игі дәстүр, тағылымы мол жоралғы. Халықтың осындай әдет-ғұрпынан хабары мол Абызбай аға да әркез аудан тұрғындарының, ағайынның жақсылықтарында, игі істердің бастау алар тұсында жүрекжарды лебізін, жастарға тәрбиелік мәні бар тілегін ұлағаттап жеткізетін батагөй үлкендеріміздің бірі болды.
Ағаны сырт көзге ерекше дараландырып тұратын иманжүзділік кескін-келбеті ғана емес, ішкі рухани әлемінің байлығы, адал ниетін айғақтайтын табиғи болмысы. Ол сөз жоқ, осы бейнесі қалыптасқан күнге қанша қиындықтарды жеңіп, талай ауыр жүкті арқалап жетті. Тіпті, тағдыр теперішін де тартты.
Адам өзінің ішкі дүниесінде әртүрлі сезім кешуі мүмкін, бірақ ол сырт келбетінде қашан да қоғамның ажырамас бір бөлшегі болып өмір сүреді. Ел мұратын өз мұңынан жоғары ұстайды. Өмірдегі өзгерістерге, тірліктегі түйткілдерге бей-жай қарай алмайды, оған оның адамгершілігі ерік бермейді.
Бұл – әрине, жақсы адамдардың еншісіндегі ерік. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Олардың тәлімі терең, тегінен тартылған тіні берік.
Абызбай аға дәл осындай кісі еді. Оның тағдырдан теперіш көрген сырын бізді былайырақ қойғанда, жанында жүрген достары да білмейтін. Мен бұл жайлы асыл ағаның өзі өмірден өтіп кеткен соң ғана естіп, неткен рухы мықты жан еді деп таңғалдым. Болмысынан шуақ шашылып, кеудесінен сәуле себезгілеп жүретін жанның бейкүнә кезінде кісі қолымен құдыққа тасталған оқиғасын бастан кешкен басқа біреу болса, кең дүние тарылып, кемелдік дәрежесіне жетуі екіталай еді. Тағдыр теперіші деген сөзді маңдайына жазбаған адам түсіне де бермес. Сондықтан бұған әртүрлі пікір болуы мүмкін, бірақ өзім солай ойлаймын.
Абызбай аға – тумысынан адалдық қалыбындай, жан дүниесі жақсылықтың жоқшысы, ізгіліктің іздеушісі болған жан. Ол кісінің осы бір дара қасиетіне көзім анық жеткен.
Мен 2000-шы жылдардың ішінде Сырдария ауданы басшылығында болдым. «Айтсаң ұят, айтпасаң қиянат» дегендей, ортамызда айтқаныңа көне алмайтын, істегеніңді көре алмайтын өзімшілдер де кездеседі. Сол жылдары біреулердің мүддесі болар, сыртымнан сөз жүгіртіп, арыз жазушылар да табылды. «Басыңа іс түссе – билігің зая, үстіңнен жау түссе – ерлігің зая», бұл кәдімгідей маған ауыр тиіп, әділдігін айтатын адам табылар деп алған бетіммен алға жылжи бердім. Сол кезде ел ішінен Абызбай аға, Сейітмұрат Ембергенов, Төлеген Әбілдаев секілді ақсақалдар шығып, қиянатқа ара түсті. Олар ауданда атқарылып жатқан қадау-қадау жұмыстардың қандай қиындықтармен іске асқанын, оған аудан басшысы есебінде менің мұрындық болғанымды айта келіп, «оңбайтын бала иткөсік қазады» деп арызқойларға ащы сөзбен тойтарыс берді. Ел-жұрт ақиқатқа қанығып, алғысын айтты.
Бұл ақсақалдар жақсыны көре білетін, жаманды сөге білетін баяғы әділ билерінің ізі еді. Олар ақты ақ, қараны қара деп осы ісімен өзінен кейінгіге өнеге қалдырды.
Абызбай аға дүниеге шыр етіп келгенде есімін «елінің ақылман абызы болсын» деп ырымдап атасы қойыпты. Жарықтық Маханбет ақсақалдың аузы дуалы екен. Шынында да Абызбай аға елдің абызы болды. 2006 жылы облыста тұңғыш өткен «Ақ бата» жарысында жүлделі орын алуы – бұл сөзіміздің бір дәлелі. Ұлт тілінің нақышын төгіп, әр жүрекке қуат құятын ақ бата беру – абыздардың көкірегінен өнетін өнер.
Абызбай аға қоғамдық өмірдің көш басында жүрді. Ауданның келбетін, ақ күріштей тербелген еңбек ырғағын дәріптеп, жетістігін көтермелеп, жетпегенін көрсетіп мерзімді баспасөздерге мақала, ұсыныстарын жариялап отырды. Ақпарат басшылығы оның осы ісін оң бағалап, Журналистер одағы қатарына қабылданды. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына күш-жігерін жұмсап, оның алғашқы төрағасы болып сайланды. Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі болды.
Қашан көрсең игіліктің басынан, игі жақсының қасынан табылатын Абызбай аға мен Сейітмұрат ақсақалдың егіз қозыдай бірге жүретіні көз алдымда. Осы екі ақсақал маған ауданның бірі оңында, бірі солында тұрған ізгілік шамшырағындай көрінетін. Олардың көпшілік бас қосқан жерлердегі әңгімелері парасат кітабын парақтап отырғандай еді. Екі жайсаңның шынайы кісілік келбеті баршамызға үлгі болғаны анық. Сейітмұрат аға елге аты мәлім ақын кісі, салиқалы сөзгер болды. Сол ақынның досы Абызбай ағаға:
«Бүгінде қадірлі қарт ауылдағы,
Оған жат өзгелердің дау-жанжалы.
Бергенде толғап бата термелетіп,
Шал шалқып, кемпір біткен таңғалады» деп жыр арнауы абыз ағаның риясыз бет-бейнесін танытады. Осы жалғыз шумақ өлеңнің астарынан бұл қадірлі адамды мен ғана емес, барша жұрт жақсы көреді деген ақын сырын ұғуға болады. Расында Абызбай аға аудан халқы төбесінен орын бергендей сыйлы, ардақты ат иеленді.
Құдай қосқан қосағы Күлжан апай екеуінің отбасын тәрбиелеудегі еңбек нәтижесі Ғалым, Нұрбол бастаған ұрпақтарының тәлімді іс-әрекеттерінен, тіпті кісімен ақ жарылып амандасуынан-ақ байқалып тұрады.
Баланы негізінен әр адам өзінің таза болмысымен тәрбиелейді. Ата-ананың өмірде айналасымен қарым-қатынасы қандай, нені қасиет-кие тұтады, арзан мен қымбатты қалай таразылайды, осының бәрі – тәрбие көзі. Бұл айтып отырғандарымыз Абызбай ағамен егіз туғандай құндылықтар еді.
Біз асыл жанның тегіндегі, қарапайым тірлігіндегі осындай даралықты, даналықты таныған, ойға тоқыған жандардың біріміз. Сол білгенімізді бізден кейінгілер де білсін деген ниеттеміз.
Әріп ҚОЖБАНОВ,
«Сырдария ауданының
құрметті азаматы»