БАСЫЛЫМНЫҢ «ЕҢБЕК ТУЫ» АТАЛУЫ
1967 жылы Сырдария өндірістік басқармасы бұрынғы ізбен Сырдария және Тереңөзек аудандары болып қайтадан екіге бөлінді. Осыған байланысты Тереңөзек ауданының өз алдына газеті болуы тиіс еді.
Аудандар қосылмай тұрғанда газет «Еңбек майданы» аталып, аудандар біріккеннен кейін «Сырдария» болды. Ал енді қайта бөлінгеннен кейін аудандық басылымға атау қажет. Оған қандай айдар берілуі тиіс?
Ол кезде газеттің идеология бөлімінің меңгерушісі Абызбай Маханбетов те, Сейітмұрат Ембергенов – саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі. Идеологияға байланысты көптеген мәселелер осы қос қаламгердің пікірімен шешілетін болған. Бірде А.Маханбетов бірінші хатшының қабылдауына барып келіп:
– Сәке, Қонекең аудандық газетке ат қоюды бізге тапсырып отыр. Қандай ат лайық көресің? – деп ақылдасады.
Сәл ойланғаннан кейін С.Ембергенов:
– Бұрынғы аты «Еңбек майданы». Ол соғыстан кейінгі дәуірге лайық та болар. Қазір еңбек майданша арпалысу емес, жарысумен нәтижелі. Оның нәтижесі ауданымыздың тулар алуымен мерейленеді. Сондықтан «Еңбек туы» деп ұсынғанымыз дұрыс шығар, – дейді.
Идеология бөлімінің меңгерушісі мұны жөн көреді.
Ертеңіне бюрода бірінші хатшы Қонысбек Қазантаев газет мәселесіне келгенде:
– Мына, біздің идеологияның жігіттері аудандық газетімізді «Еңбек туы» деп атауды ұсынып отыр. Қалай қарайсыздар, – дейді бюро мүшелеріне.
Бір сәт үнсіздік орнайды.
– Жалпы осындай атау бар ма? – дейді бірінші хатшы тағы да.
Отырғандардан аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы Бектұрсын Бимырзаев:
– Бар. Жамбыл облысының газеті солай аталады, – депті.
Қ.Қазантаев ризалық пішінмен сәл жымиып:
– Жігіттер біліп ұсынған екен. Бекітілсін – деп қаулының жобасын мақұлдаған екен.
Е.БЕРКІНБАЕВ