Әжелер алқасы: ұлттық тәрбиенің негізі
Ауданда жыл басында ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасы» құрылып, жұмысы жандана түскен болатын. Сөйтіп бұрыннан негізі қаланған «Әжелер мектебі» жаңа сипатқа ие болып, оған мүше болған әжелер ұлттық тәрбиеге байланысты жұмысын жыл бойы жүргізді. Жақында «Әжелер алқасының» жетекшісі Ұлмекен Жанәлиева алқа жұмысын қорытындылап, жиын өткізді.Ерекше форматта өткен алқа отырысына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, алқа мүшелері қатысты.
Жиын басталмас бұрын жиналған көпшілік қауым кенттің Қ.Бөдеев пен Т.Қозыбаев көшесінің 14 тұрғыны, әжелер дайындаған көрмемен танысты. Тату-тәтті тірлігімен, ұйымшылдығымен дараланған көршілер көрмеге берекелі күздің молшылығын әкелген, араларында қолөнер шеберлері өз бұйымдарымен таныстырды. Содан соң жиынды ашып алғы сөз алған «Әжелер алқасының» жетекшісі Ұлмекен Жанәлиева қайта жасақталған алқа мүшелерінің атқарған жұмысы туралы айтып өтті.
«Әжелер алқасының» негізгі міндетіне тоқталып, ұлттық тәрбиені ұлықтау мақсатында құрылған алқа мүшелері жоспарға сәйкес түрлі іс-шараларға қатысып, бүгінгі таңда жұмысы жанданған. Жыл басында құрылған кезден бастап аудандық форум өткізіп, облыстық «Аялы әже» байқауына қатысқан шіркейлілік Гүлжауһар Оразәліқызы мен қоғалыкөлдік Рахима Алдашқызы жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орын алған.
–Негізінен ауданда «Әжелер мектебінің» жұмысы бұрыннан жақсы жолға қойылғанын білесіздер. Мектептің ең жасы үлкен мүшесі Сәния Төремұратованың жасы 85-те болса, ең жас мүшесі – Ләззат Палымбетова 65 жасқа толды. Осы уақытқа дейін әжелердің атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Жаңаша форматта құрылған «Әжелер алқасының» жұмысын жүргізу бізге қиынға соқпады. Бұрыннан ізі бар, жұмысы жолға қойылған мектептің ақ жаулықты әжелерінің барлығы өнерлі, қандайда болсын көпшілік мәдени іс-шараның өтуінде алдыңғы қатарда жүреді. Әдемі дәстүрмен шашу шашып, ән айтып, қолөнершілер көрме ұйымдастырады. Міне, бүгін ортамызда отырған Гүлжауһар Оразәліқызы мен Рахима Алдашқызы аудан әжелерінің намысын қорғап, облыстық байқауда топ жарды. Олардың өнерлері жоғары бағаланды. Бүгінгі отырысымызда осы өнерлі әжелерге құрмет көрсетіп, биылғы жылы мерейтойларын атап өткен «Әжелер мектебінің» екі бірдей мүшесіне сый-сияпатымызды жасаймыз, – деді Ұлмекен Жанәлиева.
Иә, қазақ қоғамында әженің орны бөлек. Немересіне тәрбие берудегі ерекшелігі, әсіресе қыз бала тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын әжелер ұлағат жолынан айныған емес. Бір ғана мысал, Абайдай дана тәрбиелеген Зередей зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесінде рөлі өте жоғары. Сондықтан әжелердің өнегелі өмірін үлгі ете отырып, балаларды өмірге үйрету, мектептегі қыз балаларды қазақтың ұлттық салт-дәстүріне баулуда әженің орны ерек.
Осы ретте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров сөз алды. Ардақты ардагерлер туған жерін, елін, шаңырағын ардақтайтын тәрбиелі қыз, төзімді ана, қайратты жан болуға, әсіресе, бұрымды қыздарымызды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеудегі әжелердің рөліне тоқталды. Ауданда құрылған «Әжелер алқасының» мүшелері үлгілі өнерімен өнеге көрсете отырып, ата дәстүрді сақтау секілді асыл қасиетті дәріптеуде қажыр-қайратын аямай отырған әжелерге алғыс білдірді.
Алқалы жиында биылғы жылы мерейлі 75 жасқа келген ардагер-ұстаздар Гүлбар Әбілова мен 65 жасқа келген Ләззат Палымбетоваға құрмет көрсетіліп, «Әжелер алқасы» мүшелері мерейтойларымен құттықтады. Қос ардагердің өнегелі өмір жолдары айтылып, сый-сияпат жасалды.
Қазақ – басынан қандай қиын заман өтсе де ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Әсіресе, көпті көрген қарт әженің тәрбиесі қазақ қоғамында үлкен рөл атқарған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңдылық. Бұл ұлағатты сөз кез келген адамды, ең алдымен, өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретері хақ. Осыдан-ақ, әжелер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден-бір жол десек, еш қателеспеспіз.
Осы күні дөңгелек үстел басына жиналған ақ жаулықты әжелер емен-жарқын әңгімелесіп, жақсы тілектерін ортаға салды. Өнерлі әжелер әннен шашу шашты. Кездесу соңында барлық қатысушы бір-біріне алғыс айтып, отбасының берекесі саналатын әжелер – қоғамның берік іргетасы екендігін тағы бір мәрте атап өтті.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ










