Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 84 газет

04 қараша 2025 ж.

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

№82 газет

29 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Жарты ғасырлық жол: берекелі ауылдағы мереке

Жарты ғасырлық жол: берекелі ауылдағы мереке

Сәкен Сейфуллин ауылының халқы ауызбірлікпен, көтеріңкі көңіл-күймен ауылдың жарты ғасырлық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Екі күнге жалғасқан іс-шараларға құрметті қонақтармен қатар ауыл тұрғындары куә болды.

Ең алдымен ауылдық клуб үйінде аудан әкімдігі мен С.Сейфуллин ауылы әкімдігінің, жанашыр азаматтардың ұйыт­қы болуымен поэзия кеші өтті. «Көңілімнің көгіндесің, жүрегімнің төрін­десің, ауылым» тақырыбын арқау еткен кешке азулы ақындар қатысып, жырға шөліркеген халықты сусындатты. Ақындар ауылдың айтулы тойын, өсіп-өркендеуін жырға қосып, өлеңмен шашу шашты.

Той-думан келесі күні жалғасын тауып, бұл күні ауыл азан-қазан күйге түсті. Тойлы ауылдың көркі алыстан көз тартып, таңертеңмен балалар спорт­тық сайыстарда бақ сынады. Ең алдымен №137 орта мектепте ақын, жазушы Сейфолла Оспанға арналған арнайы кабинеттің ашылу рәсімі өтті. Туған жердің түлектері, өзге қалаларда жүрген құрметті қонақтар ауыл тойына арнайы келді. Салтанатты рәсімге ауыл ардагерлері, ұстаздар мен оқу­шылар қатысып, жаңа заман талабы­на сай жабдықталған кабинетті ашты. Сыныптың лентасын қоғам қайраткері Жақай Бодықбаев қиып, болашақ еге­леріне ақ батасын берді. Жаңа кабинет ақынның шығармашылығын наси­хаттауға арналған көрнекі бұрыш­тармен толықтырылды.

Одан кейін ауылдық клуб үйінде «Жарты ғасырлық жол: тарих пен тағы­лым» атты танымдық конференция өтті. Мәні мен маңызы зор рухани іс-шараны ауыл түлегі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев ашып жүргізіп отырды. Жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Сырдария және Қармақшы аудандарының құр­метті азаматы, қоғам қайраткері Жақай Бодықбаев, ауыл азаматтары арнайы қатысты. Өз кезегінде аудан әкі­мі ауыл тұрғындарын мерейлі тоймен құттықтады.

– Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл сөз бар. Елу жылда ел жаңа­рып, атқарылған істер тағылымы мол тарихқа айналып, бүгінгі күннің бағ­дары анық айқындалады. Сондықтан құрылғанына 50 жыл болған Сәкен Сейфуллин ауылының айтулы мерей­тойын ауданның ортақ қуанышы, ауыл­дың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардақты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі деуге толық негіз бар. Сәкен Сейфуллин ауылының құрыл­ғанына 50 жыл демесе, оның тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бас­талатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. 1934 жылы «1 Май» және «Құндызды» кол­хоздары құрылып, тұрғындар ата кәсіп егін егу және диқаншылықпен айналысқан. Соғыс алдында аталған колхоздардың экономикалық күш-қуаты арта бастады. «1 Май» колхозы іргелі озат шаруашылыққа айналып, еңбек адам­дары Қазақстан Үкіметінің тұңғыш наградасы «Қазақстанның 15 жылдығы» медалі­мен марапатталды, – деген аудан әкімі ауыл тарихына тереңінен тоқталып, ауыл­дың өркендеуіне атсалысқан азамат­тар­ды атап өтті. Сондай-ақ көпшілікті құттықтап, конференция жұмысына сәтті­лік тіледі.

Конференция барысында ауыл тарихына қатысты тың деректер айтылды. Сондай-ақ ауылдың гүлденуіне үлес қосқан азаматтардың аты аталып, бір­қатары сөз сөйлеп, тарихтан сыр шертті. Қасиетті топырақтан батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен елге танымал тұлғалар шыққан. Олардың өмір жолы мен өнегелі еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді. Тәуелсіздік жылдарында ауыл әкімдігі ғимараты, 150 орындық мәде­ниет үйі, балабақша, дәрігерлік амбулатория және өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылдың жаңа келбеті қалыптасты. Инфрақұрылым жаңар­тылып, көшелер абаттандырылып, тұр­ғындардың өмір сапасы арта түсті.

Одан кейін орталық алаңда көп­ші­ліктің қатысуымен жөндеуден өткі­зілген орталық алаң, демеушілікпен орна­тылған субұрқақтың ашылу салтанаты, сонымен қатар марапаттау рәсімі өтті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер алаңға көрік берсе, қолөнершілер бұйымдары салтанаттың сәнін кіргізді. Ақшаңқай шатыр тігіліп, көпшілік орталық алаңға жиналып, спорттық сайыстарды да тама­шалады. Одан кейін кезек салтанатты марапаттауға, концерттік бағ­дар­ламаға берілді. Айта кетейік, елді мекеннің 50 жылдық мерейтойы­на арналған игі іс-шаралар қатарында ауылдық клуб үйі жаны­нан демалыс алаңы абаттандырыл­ды. Демеуші «Абзал және К» серіктестігінің қаржылай қол­дауымен субұрқақ орнатылған. Соны­мен қатар ауыл ардагерлерінің демеу­шілігімен дала сахнасы жасалып, тұрғындардың мәдени демалысына жағ­дай жасалды.

Аудан әкімі ауыл халқын құттықтай отырып, Сәкен Сейфуллин ауылында бірқатар игі іс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ауылдың өркен­деуіне өзіндік үлесін қосып жүр­ген азаматтарға алғыс білдіріп, лайықты азаматтарды марапаттау салта­наты жүзеге асты. Өз кезегінде ауылдың өсуіне, өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар азамат «С.Сейфуллин ауылының 50 жылдығы» төсбелгісімен марапатталды.

Түстен кейін торқалы той аламан айтыспен жалғасын тапты. Ауыл тұр­ғындарының көңілінен шыққан айтыс­ты Сырдария ауданының құрметті азаматы, ақын Нұрмат Мансұр жүргізіп отырды. Ел мен жердің жайын жырға қосқан ақындар айтысы бірнеше сағат­қа жалғасты.
«Елді мекеннен еңбектің көрігін қыздырған еңбек адамдары көп шыққан. Бүгін осынау берекелі, киелі өлкенің бейнеткеш халқын ақындар жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп сенеміз. Бірлігі бекем Сәкен Сейфуллин ауылы дами берсін! Шабыты тасыған ақындарымызға сәттілік тілеймін» деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев айтыс ақындарына сәттілік тілей отырып.

Айтысқа Жамбыл облысынан Алтынкүл Қасымбекова, Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов, Ержеңіс Әбдиев, Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасар және Түркістаннан Бір­жан Байтуов, Сырдария ауданынан Нұрахмет Мансұров қатысып, өлең өрнегін сала білді. Өз кезегінде азу­лы ақындарға ақын, «Құрмет» ордені­нің иегері Мамыр Байдәулетов, ақын, «AMANAT» партия­сы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хат­шысы Ақтөре Ибрагим­ұлы, білім саласының ардагері Қалам­қас Молдаш төрелік етіп, әділ бағасын берді.

Аймақаралық ақындар айтысының қоры­тындысында жүлделі ІІІ орынды Ержеңіс Әбдиев пен Бексұлтан Орынбасаров иеленді. Қос бірдей ІІ орын Біржан Байтуов пен Алтынкүл Қасымбековаға бұйырды. Ал жүлделі І орынмен Мұхтар Ниязов марапатталды. Айтыстың бас жүлдесі Нұрахмет Мансұровқа берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақы табыс­­талды. Сонымен қатар биыл ауданда Ұ.Жанкелдіқызының 200 жыл­дық мерейтойына орай өткен айтысты ұйымдастыруға, көрнекті ақынның шығар­­машылығы мен өмір жолын дәріп­­теуге лайықты үлес қосқан айтыскер ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрмат Мансұр мен ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлына «Ұ.Жанкелдіқызының 200 жылдығы» медалі берілді.

Осылайша бірнеше іс-шарамен жал­ға­сын тапқан атаулы мерейтой кеш­кі гала-концертпен жалғасты. Ашық аспан астында эстраданың жарық жұлдыз­дары көңілді кеш өткізіп, мере­келік отшашу көпшілікке қуаныш сыйлады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

04 қараша 2025 ж. 204 0