Келелі істер – кеңес назарында
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында әкімдік отырысы өтіп, күн тәртібіндегі бірнеше мәселе талқыланды. Мәжіліске аудан әкімі Берік Сәрменбаев, бөлім, мекеме басшылары қатысты.Әкімдік отырысында негізгі үш мәселе қаралды. Бірінші – ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы туралы, екінші – тұрғындарды ауызсумен қамту мәселелері туралы, үшінші – Қалжан ахун ауылдық округінде атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы болды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Сейілхан Төлегенов баяндама жасады.
– 2025 жылдың 1 тамызынан бастап 20 қазан аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтті. Ауданымызда санаққа 3 нұсқаушы, 14 санақшы интервьюер қатысты. Санақтың бірінші кезеңі онлайн түрде өтті. Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізілді. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтырды. Онлайн санаққа 1374 шаруашылық пен шаруа фермер қожалығы қатысып, 1331-і санақтан өтіп, 97 пайыз құрады. Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы, ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында, санақ қызметкерлерімен планшеттерді қолдану арқылы жеке әңгімелесу әдісімен жүргізілді. 6954 үй шаруашылығы толығымен және уақытылы араланып, санақтан өтті. Нұсқаушыларымыз елді мекендерге барып, санақшылардың жұмысын іріктеу тәсілімен тексеріп жатыр. Қорыта келгенде, санақ барысы ешқандай төтенше жағдайсыз өтті, – деді аудандық статистика басқармасының басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша тұрғындарды ауызсумен қамту мәселелері туралы «Сыр суы» мекемесінің басшысы Бауыржан Жұмамұратов хабарлама жасады.
– «Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінде 19 су кешені бар. Онда 33 ұңғыма, 16 су жинайтын қойма, 19 су мұнарасы, 204 өрт сөндіру гидранты, ауызсу тарату құбырының ұзындығы 238 317 метр және 2790 құдығы, 33 дана ұңғыма насостары мен 9 дана ІІ-су көтеру насос станциялары бар. Өндірістік бөлімшеге қарасты барлық насос станцияларында хлоратор қондырғысы орнатылған, аудан бойынша су қоймасы мен су мұнаралары арқылы халыққа ауызсу 24 сағат бойы беріліп отыр, – деген «Сыр суы» мекемесінің басшысы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Қалжан ахун ауылында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Мақсұт Қаратаев баяндама жасады. Ауыл әкімі өз кезегінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім салалары бойынша айтып өтті. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Өз кезегінде аудан әкімі әрбір көтерілген мәселеге орай бірқатар тапсырма беріп, орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Сонымен қатар мәжіліс барысында бюджеттің игерілуі мен макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, салық түсімдерінің толық түсуі, жылу беру маусымының тұрақты өтуі, «Таза Қазақстан» акциясының тұрақты ұйымдастырылуы секілді мәселелер қаралды. Сала басшыларына бірқатар тапсырма беріліп, жүйелі жұмыс жүргізілу қажеттігі айтылды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











