Кезектен тыс конференция
«Руханият орталығында» «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияны партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов ашып, жүргізді.Конференция жұмысына «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Саяси кеңесінің Бюро мүшелері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері және «Жастар Рухы» Жастар қанаты мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» партиясы – Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегіне айналған іргелі қоғамдық ұйым. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттық мандаттың үлесі бойынша да партия көш басында. Бүгінде партияның Сырдария аудандық филиалы Президент бастамаларына қолдау көрсету, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, атқарушы билікпен бірлесе тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытында нақты жұмыстар атқаруда. Сайлауалды бағдарламадағы жоспарлар ауданымызда уақытылы әрі сапалы жүзеге асуда, – деп атап өтті Ержан Ертарғынұлы.
Одан кейін делегаттардың дауыс беруімен күн тәртібі бекітіліп, бірінші мәселе бойынша Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияровтың есебі тыңдалды. Кент әкімі сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен айтып өтті.
Екінші мәселе партияның Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына делегаттар сайлау туралы өрбіді. Бұл мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы хабарлама жасады. 22-23 қазан күндері аудандағы барлық бастауыш партия ұйымында жиналыс өткізіліп, партияның аудандық филиалының кезектен тыс конференциясына делегаттар сайланғанын айтқан А.Ибрагимұлы делегаттарды таныстырды.
– Партиялық жобаларды жүзеге асыру «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сайланған ауданымыздың әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлының да жеке сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқанын ескерсек, халыққа қызмет ету жолында мемлекеттің де, партияның да мақсаты бір, мүддесі ортақ екенін айтып өтуіміз қажет. Сондықтан партия мүшелері, жалпы қоғам бірлесе еңбек етуіміз керек. Жақын күндері облыстық партия филиалының кезектен тыс конференциясы өткізіледі деп жоспарлануда. Партия Жарғысына сәйкес облыстық филиалдың конференциясына партияның аудандық филиалы тарапынан делегаттар сайлауымыз қажет. Тізім жазбаша ұсынылған, бекітуді дауысқа қоюды сұраймын, – деді А.Ибрагимұлы.
Делегаттардың бірауыздан қолдауымен делегаттар бекітіліп, конференцияның қаулысы қабылданды. Одан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Партия белсендісі, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Тереңөзек» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жұмабек Ембергеновке «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ партия белсендісі, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Саяси кеңес Бюро мүшесі Марат Бакуов пен «Ұлттық мұра» жобасы аясында мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосып келе жатқан «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының мүшесі Айтмағанбет Темірхановқа Құрмет грамотасы берілді. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ауылшаруашылық саласының майталманы Ғанибек Ысқақов «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Е.Әжікеновтің Алғыс хатымен марапатталды. Конференция соңында бірқатар азаматқа партиялық билеттер де табысталды.
«Тт» ақпарат










