Қызылорда облысының делегациясы Швейцарияға жұмыс сапарымен барды
Қызылорда облысы делегациясының Швейцарияға жұмыс сапары басталды.Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Қызылорда облысының делегациясы Швейцария Конфедерациясына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі мақсаты – өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстыру, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар, шетелдік компаниялармен әріптестік байланыстарды нығайту.
Сапардың алғашқы күнінде бірқатар маңызды кездесулер өтті.
Атап айтқанда, облыс әкімі швейцариялық Harvest Group компаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесіп, өңірде заманауи агроиндустриялық кластер құру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Бұл - Мемлекет басшысының30 қазандағы Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде швейцариялық Harvest Agro компаниясы ұсынған бастаманың жалғасы. Ал 31 қазанда Астана қаласында өткен Kazakhstan Global Investment Round (KGIR-2025) форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігі және Harvest Agro компаниясы арасында үшжақты Негіздемелік келісімге қол қойылған еді.Аталған жоба аясында 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру және қайта өңдеу жоспарланған. Инвестиция көлемі 51 млрд теңге, жоба жүзеге асқанда  150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар, аймақ басшысы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая ханыммен кездесті.
Кездесуде Арал өңіріндегі экологиялық ахуал, «Геопарк Арал» жобасы, жасыл энергетика және тұрақты даму бағытындағы бастамалар жан-жақты талқыланды. БҰҰ өкілі Қызылорда облысының экологиялық және экономикалық даму бағытындағы бастамаларын жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Сондай-ақ, делегация мүшелері «GGIG»Женева Сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Винсент Субилия мырзамен кездесіп, Қызылорда облысының экономикалық даму бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Швейцариялық тарап аймақ жобаларына жоғары қызығушылық білдіріп, іскерлік байланыстарды дамытуға дайын екенін атап өтті.
Сапардың алғашқы күні мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Делегацияның жұмысы Швейцарияның іскер топтарымен және халықаралық ұйымдарымен әріптестікті дамытуға, сондай-ақ, өңірге жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.











