Жария-құқықтық саладағы кодекс
Өткен жылға дейін елімізде әкімшілік юстицияның негіздері Азаматтық іс жүргізу Кодексімен реттеліп келді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттілігін атап өткен болатын. Осыған орай 2020 жылғы 29 маусымда алғаш рет Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, қолданысқа 2021 жылдың 1 шілдесінде енгізілді.
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы еліміздің Ата Заңына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Қазақстан Республикасының заңдарында әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктері белгіленген. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.
Бүгінгі күні әкімшілік әділет судьяның белсенділігін нығайтып, тараптардың берген дәлелдерімен шектеліп қалмай, шындықты айқындау үшін қажет. Барлық жағдайды зерттеуде дәлелдер жеткіліксіз болса, оны жинауға мүмкіндік бар. Аталған Кодекс төрт бөлімнен, яғни жалпы ережелер, мемлекеттік органдардың ішкі әкiмшiлiк рәсiмдерi, әкімшілік рәсім, әкімшілік сот ісін жүргізу нормаларынан тұрады. Сондай-ақ заңнамада заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау қарастырылады. Мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаты, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттары енгізілген.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі ішкі әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібімен, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен байланысты қатынастарды реттейді. Кодексте жария-құқықтық қатынастардан туындайтын бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап ретінде әкімшілік талап қою ұғымы көзделген. Ал қатысушылары мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруға, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Және тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуге, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтып отыр.
Кодекс бойынша сот бақылауы талаптарына сәйкес, сот өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасап, соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті және сотқа хабарлауға тиіс. Соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Аталған кодекс азаматтарға мемлекеттік органмен дауды сотқа дейін де шешуге мүмкіндік беріп отыр. Егер азаматтар уәкілетті органның актісімен немесе шешімімен келіспесе, оларға заңды құқықтарын қорғау мақсатында дәлелдемелерді ұсынуға мүмкіндік беріледі.
Ал татуластыру рәсімдері бабына сәйкес, заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырады. Айтып өту керек, жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде ғана тараптардың татуласуына жол беріледі.
Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Егер тараптар татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, сот аталған келісімді бекітсе, талап қоюды қайтару жайлы ұйғарым шығарады. Алайда татуластыру рәсімдері нәтижесінде жасалған келісімнің шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, сот аталған келісімді бекітпейді.
Жалпы жаңашылдық ұсынған кодекс еліміздегі әкімшілік әділетті қамтамасыз етіп, жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін нығайтуға үлесін қосып отыр.
Р.Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы