Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама

Қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама

Бұл заң мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу.

Әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік орган, лауазымды адам алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.

Сонымен қоса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы әкімшілік органға, лауазымды адамға бейнеформаттағы жеке немесе ұжымдық арыз, шағым жолдау мүмкіндігі бар.

Жеке және заңды тұлға әкімшілік органның шешімімен немесе әрекетімен келіспей, дау туындаған жағдайда, талап қоюшы мамандандырылған ауданаралық әкімшлік соттарға әкімшілік талап қоюмен жүгіне алады. Бұл жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап болып танылады. Осы заң қолданысқа енісімен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдары күшін жояды. Одан басқа көптеген заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қалпына келтіру үшін ең алдымен талапты дұрыс қоюы керек. Сонымен қатар, Жаңа кодексте татуластыру рәсімдері де қарастырылған.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті дайындау барысында Еуропа елдеріндегі әкімшілік әділет жүйесінің жұмысы жан-жақты зерделенгені мәлім. Өйткені бұл елдерде жария-құқықтық дауларды сапалы шешудің тәртібі толық қалыптасқан. Ұлттық менталитетіміз бен озық елдер тәжірибесі ескеріле отырып дайындалған жаңа заңнама халықтың өз құқығын кедергісіз қорғап, әділдікке, тура төрелікке деген сенімін нығайтады деген ойдамыз.
Р. Алдамбергенов,
Сырдария аудандық сотының төрағасы 
01 наурыз 2021 ж. 640 0