Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі өрен, дарынды оқушы

Өнерлі өрен, дарынды оқушы

Көркем Райымбек – №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің талантты оқушысы. Дарынды оқушыны ата-анасы бала күнінен өнерге баулыды. Білім мен өнерді ұштастырған жас балғынды әнші Нұрбол Тұранов тәрбиелеген. Қазіргі таңда 7-сынып оқитын көркем ғылыми жобаларды зерттеумен айналысып, жоғары жетістікке жетуде.

Қасиетті қарашаңырақ №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мақтанышы Көркем Райымбек – ұстаздарының үкіліген үміті. Себебі, дарынды оқушы ғылыми жоба жұмысын қорғаудың аудандық кезеңіңде жеңімпаз атанып, облысқа жолдама алды. Ол ғылыми жобаға «Сырдария өзенінің экологиялық жағдайы» тақырыбындағы өз зерттеуін ұсынды. Негізінен, ғылыми жұмыстың мақсаты – «Сырдария өзенің су ресурстарын қорғау және оны тиімді пайдалану. Ғылыми жобалар байқауына қатысу үшін Көркем Райымбекті география пәнінің мұғалімі Зәуре Шухаманова жетекшілік етті.

– Менің шәкіртім су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын зерттеді. Биыл құрғақшылық мәселесі көпшілікті алаңдатқаны мәлім. Тарихы терең өзенмен аттас ауданның тыныс-тіршілігі егін және мал шаруашылығына байланысты. Ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайын ескерген оқушым суды аз мөлшерде пайдаланатын дәнді-дақылды өсіру, өзеннің экологиялық жағдайын жақсарту секілді мәселелерге көңіл бөлді. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде ол «ProEco» экологиялық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеніңде екінші орынды жеңіп алды, – дейді жетекші ұстазы Зәуре Шухаманова.

Бүгінде білімнің биік шыңын бағындыруға ұмтылған өнерлі өреннің есімі көпшілікке жақсы таныс. Аудандық өнер мектебінен домбыра аспабын меңгерген ол бала күнінен әнші болуды армандады. Вокальдық техниканы үйреніп, ән айтудың қыр-сырына қанығады. Өз кезегінде аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған шәкіртінің өнеріне әнші Нұрбол Тұранов баға берді.

– Көркем – ән өнерінің кішкентай жұлдызы. Ең алғаш 9-10 жасында әнге деген махаббатын байқатты. Бірнеше байқауда бақ сынап, зор жетістікке қол жеткіздік. Оның ән айтудағы мәнері ерекше. Қоңыр үнімен тыңдармандарын баурап алады. Біз талай сахнада дуэт ретінде өнер көрсетіп, көпшілік көңілінен шыға білдік. Оның табиғатында әнге деген ерекше сүйіспеншілігі басым. Мен шәкіртімді әркез мақтан тұтамын, – дейді кәсіби әнші.

Білім, ғылым, өнерді жанына серік еткен алғыр оқушының әлі талай биік белестерді бағындыратынына анасы Айда Райымбек сенімді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
11 қаңтар 2022 ж. 1 015 0