Білімге құштар

Еліміздің көркеюі жолында оқушы бойындағы дарынды қабілеттерін ашып, оларға білім беру барысында сол қасиеттерін дамыту маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі уақытта білім беру саласында жоғарғы жетістіктерді анықтайтын және дамытатын түрлі сайыстар мен бағдарламалар ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА. ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың дамыған заманында оқушылардың жан-жақты білім алып, түрлі ғылыми жобалармен айналысып, өздерін түрлі қырынан көрсетіп жүргенін байқаймыз. Сондай оқушылардың қатарында аудандағы тағылымды білім ордасы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Жансая Әлтаева да бар.
Алғыр қыздың оқуға зеректігі мен білімге деген құштарлығының арқасында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мұның барлығы өзінің ғана емес сонымен қатар ұстаздарының да жемісті еңбегінің арқасы. Жансая бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ өзінің елгезек екенін байқатқан. Ол бірнеше мәрте республикалық ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз атанды. Солардың қатарында 2-сыныпта оқып жүргенде «Кока-кола сусынының пайдасы мен зияны» деген тақырыпта республикалық ғылыми жобаның екінші кезеңінен ІІ орынды иеленді. 4-сыныпта «Пластмас құтының екінші өмірі» деген тақырыпта қорғаған ғылыми жобасы республикалық кезеңде І орынмен марапатталды. «Зерде» республикалық балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерінің бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, өткен жылы Ресейдің Сочи қаласына облыстық білім басқармасы мен «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен Қызылорда облысынан 20 оқушы «Сириус» оқу орталығына жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша олимпиадаға дайындық жұмыстарына жiберiлген. Дарынды оқушылардың қатарында Жансая Әлтаева болды. Химия және биология пәндерінен іріктеу кезеңінен өтіп, халықаралық дайындық кезеңіне қатысты. Білімге құштар оқушының жетекшісі – Ү.Батишева.
– Мектеп-лицейдің мұғалімдері оқушыларға үнемі ізденіс арқылы шығармашылықпен шұғылдануға үйретіп келеді. Әсіресе, білікті ұстаз Үміт Жағыпарқызының еңбегі зор. Ұстаздың берген білімінің арқасында көптеген білім бәйгесінде жеңімпаз атандым. Болашақта мамандығым биологиямен байланысты болатынына сенімдімін, әзірге тыңғылықты дайындық үстіндемін, – дейді үздік оқушы Жансая Еркінқызы.
Білім ордасының мақтанышы Жансаяға сәттілік серігі болсын демекпіз.
Айдана ҚАЛИЕВА