Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау – ел экономикасын дамытудың негізі

Жолдау – ел экономикасын дамытудың негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы – халықтың ойынан шыққан Жолдау болды. Президент Жолдауда қоғамда қордаланған мәселелерді ашық айтып, қазіргі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайға жан-жақты талдау жасап және оны оңалту бағытында нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ, халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың алғышарттары көрсетті.

«Заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуі керек» баса айтқан Мемлекет басшысы, мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған «Қоғамдық бақылау туралы» Заң әзірлеп, оны қабылдауды тапсырды. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру жөнінде айтқан ел Президенті, қоғам белсенділерін сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатындағы жұмыстарға кеңінен тартуды, ауыл әкімдерін тікелей сайлауды, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыруды міндеттеді. Сол арқылы елдің көкейіндегісін дөп басты.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүргендіктен, шағын және орта бизнеске қатысты Жолдауда айтылған қолдауларға қатысты да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Шын мәнінде пандемияның зардабы кәсіпкерлерге ауыр тиді. Көпшілігі жабылып немесе уақытпен шектеліп, қаржылық қиындықтарға тап болған уақытта мемлекеттің қолдауы аса қажет еді. Шағын және орта бизнеске салық жеңілдіктері берілді, олардың төлеу мерзімі ұзартылды, айналым қаражатын көбейту бойынша арнайы бағдарлама қабылданды және қазіргі күрделі жағдайға қатысты қосымша 200,0 млрд теңге қаржы бөлу арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800,0 млрд теңгеге дейін жеткізуге тапсырма берілді. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерге барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша 12 айға мемлекеттік субсидия берілуі – кәсіпкерлерге кәсібін қайта жандандыруға үлкен көмек болары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл Жолдауы елдің игілігіне бағытталған барлық уақыт талабы мен қоғам үмітіне жауап беретін тарихи Жолдау болды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауының ең басты мақсаты – елімізді экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамыту және пандемияның салдарын еңсеру деп айтуға толық негіз бар.


Расул ЕСЕНОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты

06 қыркүйек 2020 ж. 753 0